Ауыл шаруашылығы

Жыл басынан облыста “Сыбаға” және “Құлан” бағдарламасымен 66 адам несие алған

Дмитрий Кайнов – “Кайнов” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

-Мен өзімнің жеке кәсіпкерлігімді өткен жылдың желтоқсан айында бастадым. Мал алу үшін мемлекет тарапынан берілетін несиені 7 жылға рәсімдедім. Ірі қара мен жылқы асырауды бұрыннан ойлайтынмын. Бүгінде сиырдың саны – 120, жылқы 50-ге жетті. Төрт-түліктің басын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Малдардың барлығы етті бағыттағылар. Енді біразын бордақылап, қыс айларына қарай сатамын.

Ауыл еңбеккерінің тағы да бір ойы – қарамағындағы малды асылдандыру. Бүгінде Дмитрий Кайнов бұл жоспарын жүзеге асыруға кірісті. Жуырда “Сыбаға” бағдарламасы аясында жоғары өнімді “қара шұбар” тектінің аталығын алды. Одан келесі жылы етті және сүтті бағыттағы төл алуды көздейді.

Дмитрий Кайнов – “Кайнов” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

-Сүт саудалауды да дамыту ойда бар. Қазір 15 сиыр сауып отырмыз. Ол үшін қарамағымда 2 сауыншы жұмыс істейді. Күніне 150 литрден аса ақ аламыз. Өнімді күнделікті 50 теңгеден Бескөлдегі “Молсервис” серіктестігіне өткіземіз. Енді қара шұбар тұқымды түлікті қазақтың ақбасымен будандастырып, сүтті бағытты сиырдың санын 50-ге жеткізбекшімін.

Жалпы, кәсіпкер жыл сайын қысқа 300 тонна шөп дайындайды екен. Бүгіндері соның 50% әзірлеп үлгерген. Ол үшін Дмитрий Кайнов өз қаражатына 6 миллион 400 мың теңгеге МТЗ 920 тракторын, шөп орағыш, тырнауыш және шөп шабатын шалғы алыпты. Енді ауа райы ашық болса қалған жем-шөпті күзге дейін үйге әкеліп алмақ.

 

 

Култанов Байболат