Құқық қорғау органдары

Петропавлда үй ұрылары құрықталды

Ұрылардың ізіне түскен полицейлер екі қылмыскерді Петропавл қаласындағы тұрғылықты мекенінде құрықтаған. ІІМ-нің қызметкерлерінің көмегімен олардың тағы бір сыбайластары Астана қаласында қолға түсіпті. Ұсталғандардың үйлерінен тұрғындарға тиесілі зергерлік бұйымдар, тұрмыстық техника сынды олардың қылмыстарын айғақтайтын дәлеледер табылған.

Серик Альжанов – Петропавл қалалық ІІБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы:

-Оларға қатысты 8 үй тонау оқиғасының беті ашылды. Сондай-ақ, олардың Астана мен Қостанайдағы бернеше үйлерге ұрлыққа түскендігі туралы мәлімет бар. Тергеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Күдіктілер шамамен 25-30 жастағы азаматтар. Бірі қара тізімге бұрын да ұрлық және нашаорлық бойынша іліккен екен.

Қылмыскерлердің бірінің қалтасынан ақша және кез келген есікті еш қиындықсыз аша алатын әмбебап құрал табылыпты. Сондай-ақ, Астанада ұсталған азамат үйінде 50 грамм көлемінде героин сақтағаны анықталған.

Серик Альжанов – Петропавл қалалық ІІБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы:

-Ұсталғандар қазір тергеу изоляторында. Оларға 188 баптың 2 және 297 бөлімдері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ бұл адамдардың басқа да ұрлық оқиғаларына қатысының бар-жоғы анықталу үстінде.

Облыс орталығында жыл басынан бері үй тонауға байланысты 120 оқиға тіркеліп, оның 60-ның беті ашылған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, пәтерлерді ұрылардан сақтандырудың ең қолайлы тәсілі – есікке бірнеше құлып орнату.


 

Акбопе Танирберген