Спорт

«Спешиал Олимпикс-2015» жазғы ойындарынан өңір спортшылары жеңіспен оралды

Денис Елеукин – мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернатының бейімделген дене шынықтыру пәні мұғалімі:

-Бұл жарыс туралы біз өткен жылы қыркүйек айыныңі 1-і естідік. Ал 3-і күні команда құрып, дайындыққа кірістік. Аптасына 3 реттен жиналдық. Басында қиындау болды. Қателіктер өте көп жіберілетін. Бірақ, қыздар бар күштерін салып, тырысты.

Тынымсыз дайындықтың нәтижесі бар. Әлемдік додадан қола медальмен оралу – бұл жас спортшылар үшін үлкен жеңіс.

Виолетта Раскатова – мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернатының оқушысы:

-Бірінші ойында қобалжу болды. Бірақ, өзімізді қолға алып, бар күшімізді салдық. Кейін бәрін бірінен соң бірін жеңдік. Ең ауыр ойын Уругвай құрамасымен өтті. Өйткені, олар бізге қарағанда бойшаңдау екен. Ал 3-ші орын алғанымызды тек марапаттау кезінде ғана білдік. Қуанышымызда шек болмады.

Аққайыңдар өлкесінде өскен спортшы қыздардың жадында бұл сапар есте қаларлықтай өтіпті. Әсіресе, алып мұхит пен пальма ағаштарын көрген кезде алған әсер ерекше дейді олар.

Галина Пичугова – мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернатының оқушысы:

-Маған бұл ел қатты ұнады. Өзімді ертегі әлемінде болғандай сезіндім. Лос-Анджелес қаласын аралап, Голливудқа бардық. Мұхит жағалауында таза ауамен тыныстадық.

Дүбірлі додада Қазақстан намысын қорғаған жерлестеріміз 13 ойын өткізіп, оның барлығын да жеңіспен аяқтаған. Бұл қуанышты сәттерді өңір спортшыларымен СҚО бойынша «Спешиал Олимпикс» ойындары директорының міндетін атқарушы Николай Соколов та бөлісті.

Николай Соколов – СҚО бойынша «Спешиал Олимпикс» ойындары директорының міндетін атқарушы:

-Біз АҚШ, Уругвай, Коста-Рика және тағы да басқа елдермен сынға түстік. Барлық тәжірибелі қарсыластарымызды тізе бүктіріп, жеңіске жеттік. Сол жерде тұрғандағы сезімді қазір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Біздің жанкүйерлер де көп болды. Оның ішінде Корея мен Америка азаматтары да бар. Олардың қолдауын айқын сезіндік.

Бұл олимпиадада қазақстандық 95 спортшы бағын сынады. Оның бесеуі – біздің өңірдің волейболшы қыздары. Аталмыш жарыста барлығы 170 елдің 6 мыңнан астам адам қатысқан. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы 15 алтын, 26 күміс және 15 қола медальді еншіледі.

 

 

Айгерим Ержанова