Өнеркәсіп

Уәлиханов ауданындағы “СевКазТас” ЖШС-гі жыл басынан 26 мың тонна қиыршық тас өндірді

Сергей Малюга, “СевКазТас” ЖШС механигІ, Уәлиханов ауданы:

-Кенді жердің үстіңгі қабатынан қазып аламыз. Сіресіп қалған тастарды жарылғыш заттардың көмегімен уатамыз. Содан кейін оны зауыттағы қуаттылығы зор қондырғылармен ұсақтаймыз.

Былтырдан бері 109 тонна қиыршық тас өндірген кәсіпорын осы күнге дейін соның 27 тоннасын ғана өткізіпті. Жер қойнауын пайдаланушылар тауардың көп бөлігін Ресейдің көршілес жатқан Омбы облысына жөнелткенін айтады. Одан мекемеге жалпы құны 31 млн тг кіріс түскен.

Георгий Зубов, “СевКазТас” ЖШС директорының міндетін атқарушы, Уәлиханов ауданы:

 

-Ресей рублінің құлдыруына байланысты тауардың өтімділігі төмендеді. Әзірше, өндірілген қиыршық тасты қоймада сақтаудамыз. Аталмыш өнімге Қазақстанға қарағанда Ресейден сұраныс көп. Берік әрі қатты аяздарға шыдас беретін ұсақ тастарды негізінен Уәлиханов ауданына өткіземіз. Өйткені, өзге өңірлерге жеткізу үшін маңайымызда темір жол торабы жоқ.

Зауытта 20 адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық жалақысы 71 мың теңгенің маңайында. Жер қойнауын пайдаланушылар бұл жерде табиғат ресурстарының қоры мол дейді. Олар карьерде кемінде 20 жыл бойы қиыршық тас өндіруді жоспарлауда.

Берик Касен