Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдікте өткен семинар-кеңесте елді мекендердің дамуы талқыланды

Сондықтан болар, бүгін олардың басы осы жиында қосылып отыр. Әңгіме өзегі елді мекендерді дамыту тұрғысында болмақ. Ал теріскейде олардың саны – 674. Ауылдардың әлеуеті мен даму көрсеткіші, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы жайлы облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров баяндады.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

-Облыс халқының тең жартысы елді-мекендерде тұрмыс кешуде. Көпшілігін су, жол, ауылдарды аббаттандыру, жұмыспен қамту сынды мәселелер толғандырады. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға болады. Кез келген ауданның өз артықшылықтары бар. Ол көрсеткіштер әлеуметттік-экономикалық дамуға үлес қосады. Сол себепті, бұны тиімді пайдалана білу керек. Ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша 164 ауыл жоғары, 484-і орта және 26 елді мекен төмен экономикалық көрсеткіштер көрсеткен. Жоғары нәтижеге ие аумақтардың ішінде Ақжар мен Тимирязев аудандарын айтып кетуге болады. Ал Мамлют ауданындағы 40 елді мекеннің 6-уы төмен көрсеткішпен көзге түскендердің қатарында.

Мемлекеттік Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бес жылдығы бойынша өңіріміздегі бірқатар елді мекендерде жақсы жобалар жүзеге асырылған. Бірақ, осы бағыттағы тиісті тапсырмалар Есіл мен Жамбыл аудандарында әлі күнге дейін орындалмай келеді. Биыл «Ырыс» бағдарламасы бойынша Қызылжар, Тимирязев және Айыртау аудандарында 3 сүт-тауарлы ферма құрылыпты. Тағы бұл орайда М.Жұмабаев пен Мамлют ауданы тұрғындарынан түскен өтініштер қарастырылуда. Ал қалған 8 аймақта аталған жұмыстар әзірге жүргізіліп жатқан жоқ. Десе де, өзге мемлекеттік бағдарламалар бойынша жекелеген аудандарда жақсы көрсеткіштер байқалады.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

-Биыл «Құлан» бағдарламасы бойынша өңірде 1038 бас жылқы алынған. Ол жоспардың 86 пайызын құрап отыр. Әсіресе, Айыртау, Есіл, Ғ.Мүсірепов, Қызылжар аудандарында ол 100 пайызға жеткен. Ал аққайыңдықтар бұл жоба арқылы бірде-бір жылқы малын алмаған. Облыста «Алтын асық» бағдарламасы аясында 3 346 бас қой алынды. Ол жалпы жоспардың 53 пайызын құраған.

Бірқатар елді мекендерде жол мен су мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Солардың барлығы біртіндеп шешімін табуда. Бүгіндері өз ісін дөңгелетемін дегендерге түрлі бағдарламалар қарастырылған. Олардың көбі теріскейде сәтті жүзеге асырылып келеді. Сондықтан, әлі де болса ауылдағы ағайынға мемлекеттік қолдау тетіктері туралы құлаққағыс ету керек деді өңір жетекшісі.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Адамдардың іскерлік қабілетін арттыра білу керек. Оларға қолдау көрсету қажет. Көпшілік мемлекеттік бағдарламалар жайлы біледі. Бірақ, оны қалай қолданып, қайда бару керектігінен хабарсыз. Сондықтан, біздің сіздермен басты міндетіміз – оларды халыққа жеткізу.

Бір сөзбен айтқанда бүгіндері ауылды аймақта проблема жоқ емес, бар. Бірақ, олардың барлығы біртіндеп шешімін табуда. Жиын соңында ауылдықтардың мәселелеріне қозғау салып, ұзақ жылғы адал еңбегімен көзге түскен селолық округ әкімдері облыс әкімінің марапатына ие болды. Өз ісімен өзгеге үлгі көрсете білген азаматтардың қатарында Сақыш Өзденбаева да бар. Ол өмірінің 18 жылын туған жерінің гүлденуіне арнаған. .

Сақыш Өзденбаева – Хмельницкий селолық округінің әкімі, Тимирязев ауданы:

-Бүгінде селолық округте барлық мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асырылуда. Елді мекенде 165 адам тұрады. Ауылдық клуб жұмыс істейді. Тұрғындар белсенді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегенді жақсы білетін олар әр іске араласып, бір-біріне қолғабыс етеді.

 

Магжан Ахмадина