Қоғам

Жыл басынан облыста 27 адам судың құрбаны болған

Жыл басынан облыста 27 адам суға шомыламыз деп мерт болған. Қайғылы жағдайлардың көпшілігі үстіміздегі жылдың жаз айларында орын алыпты.

Сергей Черкасов – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы бөлімшесінің жетекші құтқарушысы:

-Біз күн сайын жағажайдағы демалушылардың арасында қадағалау шараларын өткіземіз. Шомылу маусымы басталғалы бері облыста 60 адам суға батып жатқан жерінен құтқарылып қалды. Оның 12-сі – балалар. Алайда, суға түсушілер белгіленген тәртіпке көнбейді. Салдарынан жыл басынан бері 5 бала суда қаза тапты. Сол себепті, жағажайға келушілерге айтарымыз шомылу кезінде мұқият болыңыздар.

Соңғы қайғылы оқиға тамыз айының екісі күні Бескөл ауылында тіркелген. Ішімдік ішкен 25 жастағы жігіт аяқ астынан су құрбаны атанды.

Сергей Черкасов – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы бөлімшесінің жетекші құтқарушысы:

-Ал Корнеевка селосында бір адам ажал аузынан аман қалды. Белгіленбеген жерде шомылмақшы болған азамат суға батып кете жаздады. Оны кезекші құтқарушылар байқап қалып, өлімнен арашалап алды. Жалпы, біздің құтқаруға арналған техникамыз бен мамандарымыз жеткілікті. Бүгінде ТЖД-інде 43 құтқарушы маман мен 7 бірлік техника және 34 жүзу құралдары бар.

Құтқарушылар осындай рейдтік шараларды жиі өткізіп тұрады. Күніне, тіпті, 3-4 рет ұйымдастырады екен. Десе де, сақтық шараларын тұрғындардың өздері де ұмытпағаны абзал.

 

 

Айгерим Ержанова