Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тамыздың 2-ші жексенбісі – Құрылысшылар күні

Аптап ыстық пен қақаған суықта да құрылысшыларды салынып жатқан нысанның қасынан табасың. Өмірімізді жайлы әрі ыңғайлы етіп, өлкемізді гүлдендіруге үлес қосып жүрген сала мамандарын ең алдымен кәсіби мерекелерімен облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтады.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

-Бүгінде біздің құрылысшыларымыз әлеуметтік және өндіріс нысандарымен қатар ЭКСПО-2017 көрмесінің ғимараттарының құрылысына ат салысуда. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Сіздер елдің дамуына, өңіріміздің өркендеуіне, елді мекендердің көркеюіне ерекше үлес қосып келесіздер. Жыл сайын облыста тұрғызылып жатқан тұрғын үйлер мен мектептер, балабақша мен денсаулық сақтау нысандары, салынып жатқан жолдар – соның айғағы. Осы нысандардың барлығы халықтың тұрмысын жақсартуға, әл-ауқатын жақсартуға арналған.

Құттықтау сөзден кейін өңір жетекшісі ұзақ жылғы адал еңбегі, құрылыс саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар солтүстікқазақстандықтарды Құрмет грамоталарымен марапаттады. Олардың қатарында Зейнолла Ескенов те бар. 40 жылдан астам құрылыс саласында еңбек етіп келе жатқан білікті маман соңғы кезде елімізде құрылыс қарқын алғанын айтуда.

Зейнолла Ескенов – «Мөлдір су» КММ құрылысшы-шебері, Уәлиханов ауданы:

-Екі 12 пәтерлі үй тапсырдық. Тағы хоккей кортын салдық. 9 мамыр қарсаңында бірнеше ескерткіш орнаттық.

Кәсіби мереке қарсаңында 17 солтүстікқазақстандық облыс әкімінің алғыс хатына ие болса, тағы 8 азамат ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «Құрметті құрылысшы» және «Құрметті жолшы» төсбелгісімен марапатталды.

Бүгінде облыста автомобиль жолдарын қалыпқа келтіру бойынша үлкен жұмыс атқарылуда. Ағымдағы жылы теріскейде 250 шақырым жол жөндеуден өтпек. Құрылыс саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде жаяу жүргіншілер мен көлігіміздің ыңғайлы қатынауын ойлаған жолшылардың еңбегін елемей кету мүмкін емес. Сондықтан, талай жылдардан бері осы іспен айналысып келе жатқан «Су-808» ЖШС директоры Виктор Лиге министрліктің алғыс хаты бұйырды.

Виктор Ли – «Су-808» ЖШС директоры:

-Кәсіби мереке қарсаңында осындай марапатқа ие болғаныма өте қуаныштымын. Бұл өңір дамуындағы құрылысшылардың, әсіресе жолшылардың еңбегі зор екендігін білдірсе керек. Бүгіндері қаламыздың 10 көшесінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Асфальт төселіп, бағдаршамдар алмастырылуда, жалпы қала гүлденіп келеді. Барлық әріптестерімді мерекемен құттықтаймын.

Айта кету керек, биыл облысымызда үй құрылысына 6 млрд теңгеден астам қаржы бағытталыпты. Өңірде жыл соңына дейін жас отбасыларға арналған 2 жатақхана, мұз айдыны бар спорт сарайы қолданысқа берілмек. Тағы мектеп және балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек қонақ үй, демалыс аймақтары салынуда.

 

 

Магжан Ахмадина