Құқық қорғау органдары

Солтүстікқазақстандық борышкерлерден ел қазынасына 5 млн теңге түсті

Олар ортақ базаға аты-жөні енгізілген 1 300 -ден астам борышкердің тұрғылықты мекенжайына барып, жауапкершілікке тартты. Нәтижесінде 1 млн 268 мың тг айыппұлы өндіріліп алынды. Осы тұста “Автоураган” атты жылжымалы кешеннің көмегі орасан. Кезекті рейд барысында Мир көшесіндегі “Семейный” СҮ-нің маңында аталмыш автоматтандырылған жүйенің арқасында 26 жастағы жүргізуші ұсталды. Оның мойнында 3 бірдей өтелмеген қарызы бар.

Антон Венерцев, Петропавл қаласының тұрғыны:

-Жылдамдықты шамадан тыс асырып, бағдаршамның алдындағы белгіленген ақ жолақтан өтіп кетіп бірнеше рет жол ережесін бұзғаным есімде. Оны мойындаймын. Сол үшін жеке басыма айыппұл салынғанын да білемін. Алайда, оны төлеуге мүмкіндігім жоқ. Сондықтан, уақытынан кешіктіріп алдым. Маған инспектор уақытылы төленбеген айыппұлдың сомасына 20 пайыз өсіппұл қосылып отыратындығын түсіндірген. Сондықтан, басқаларына айтарым, қарыздан дер кезінде құтылған абзал.

Полиция өкілдерінің айтуынша, қарызын ұзақ уақытқа созған борышкер қанша жерден қашып құтылам десе де міндетті түрде жауапкершілікке тартылмай қоймайды.

Болат Жексембинов, СҚО ІІД ӘПБ әкімшілік тәжірибе бөлімінің бастығы:

-Осы жылдың 7 айы ішінде облыс аумағында 6 700 борышкер тіркелді. Түрліше себептермен әкімшілік құқықбұзушылықтар жасаған оларға жалпы сомасы 72 млн теңгені құрайтын айыппұл салынған болатын. Бүгінде борышкерлерге қатысты іс мемлекеттік және жеке меншік сот орындаушыларының қарауында жатыр. Заңды белшесінен басқандар мемлекет алдындағы қарызын барлық банктерде немесе электрондық үкімет порталы арқылы өтей алады.

Облыстық “Борышкер” жедел алдын алу шарасы тамыздың 7-сі аяқталады. Алайда, әкімшілік айыпұлынан дер кезінде құтылмаған тұлғалардың есігін сот орындаушылары күн сайын қағатын болады.

Берик Касен