Білім

“Мектепке жол” акциясының балғындарға тигізер шарапаты

Наталья Ханина, ата-ана:

-Қызым – жалғызбасты ана, сондықтан болар балалары өскен сайын мектепке қамдау ісі де жыл санап қиынға түсуде. Мұндай жағдайда аналар қаржылық мәселеге тап болып жатады. Мен өз басым осындай шараның дәстүрлі өтетінін құптаймын. Акцияның арқасында қаншама ата-анаға көмек көрсетіліп жатыр.

Аз қамтылған отбасынан шыққан мектеп оқушыларына жеке кәсіпкерлермен қатар қаламыздағы орыс қауымдастығы да қарайласады. Олар биыл балалардың лагерьлерде тегін демалуына жәрдемдесіпті. Мұндай жолдамаға ие болған шәкірттердің соңғы легі ертеңгі күні “Достық” лагеріне аттанбақ.

Игорь Ольховый, оқушы:

-Керек дүниелеріме жыл сайын тегін қол жеткіземін. Осының арқасында анама көп күш түсірмеймін. Көмек пен қолдаудың арқасында сабағымды жақсы оқуға тырысамын. Биыл 6-сыныпқа көштім. Жаңа оқу жылының алдында табиғат аясында лагерьде демалатын болдым. Оған, әрине, қуаныштымын.

Бүгін 3-ші сыныпқа аяқ басқан оқу озаты Елена Ганчерова сыйлыққа жылы күрте алды. Үстіне жараса кеткен қажетін балғын қыз дүкеннен өзі таңдапты. Оның 5 бала тәрбиелеп отырған анасы демеушілік көрсеткен Ольга Клишинаға зор алғысын білдірді. Жеке кәсіпкер – аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға қол ұшын созу – азаматтық парызым дейді.

Ольга Клишина, “Кишина” ЖК директоры:

-Менің оқу ошағына демеушілік танытып жүргеніме 10 жылдан асты. Қаладағы 5 мектептегі жағдайы төмен оқушыларға қарайласып тұрамын. Қолымда мүмкіндігім бола тұрып, көмек көрсетпесем үлкен қателік болар еді. Басқа азаматтарды да сауапты іс жасауға шақырамын. Ата-аналар алғысын білдіріп жатады, ал баланың қуанышын көріп көңілім тағы бір марқайып қалады.

Сондай-ақ, биыл мектеп қорындағы кітаптар да жаңартылып отыр. Білім ұясына жақында даярлық тобынан бастап 11-сыныпқа дейінгі аралықты қамтитын жаңа оқулықтар әкелінген. Ол үшін бұл мектепке облыстық бюджеттен 4 млн 860 мың теңге бөлініпті.

 

 

Акбопе Танирберген