Спорт

Петропавлда Алексей Мартыновичты еске алуға арналған велокөпкүндік бастау алды

Сергей Гераськин – велошабандоз, Петропавл қаласы:

-Жарысқа жақсы дайындалдым. Сайысқа қатысатын барлық қарсыластарым мықты. Бүгін барымды салып жеңуге тырысамын.

Жерлес спортшы Алексей Мартыновичті еске алуға арналған турнир
теріскей төсінде дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді. Бұл жолы желмен жарыса жүйткіген жеткіншектердің қатары өткен жылмен салыстырғанда біраз артқаны байқалады.

Владимир Парахин – жарыстың бас төрешісі:

-Турнирге Қазақстанның 8 облысынан 11 құрама команда қатысуда. Былтырғы жарысқа қарағанда биылғы дода қатысушыларының саны басым. Жас спортшылардың деңгейін осындай сайыстар арқылы анықтай аламыз. Болашағынан зор үміт күттіретіндерінің ел құрамасына өту мүмкіндігі бар. Сондықтан, барлығы да жеңіске жетуге асық.

Міне, қатысушылар топтық жарысқа аттанып та кетті. Кімнің жолы болып, бағы жанатынын уақыт көрсетеді.

Жалпы саны 64 спортшы 5 күн бойы өңірдің тас жолдарында өзара бақ пен бап таластыратын болады. Ал, сайыстың соңғы күні спортшылар Алексей Мартыновичтың туған жері Байтерек ауылында мәре сызығын кеседі.

 

Култанов Байболат