Қоғам

Өңір аудандары Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын тойлауда

Қазақ, орыс, неміс, поляк, ұйғыр, татар, шешен. Осы күні Ақбұлақ селолық округінің бір өзінде 11 ұлттың өкілі бір атаның балаларындай тату-тәтті өмір сүруде. Олардың бәрі бейбітшілікті, достық пен келісімді ту еткен осынау жарқын мерекеде бас қосты.

Аман Төрегелдин, Уәлиханов ауданының әкімі:

-Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы татулық пен түсіністікті сақтаудағы теңдесіз ұйым ретінде бағланады. Ассамблея жұмысының арқасында этносаралық және конфессияаралық келісімнің жаңа моделі ынтымақтастық атмосферасы қалыптасты.

Осы жерде ҚХА-ның 20 жылдық мерейтойына орай “Сударушка” этномәдени орталығының жетекшісі Галина Виниченко аудан басшысының қолынан мерейтойлық медаль алды. Айта кетейік, бұл орталықтың Уәлиханов ауданында құрылғанына 7 жылдың жүзі болыпты.

Галина Виниченко, “Сударушка” этномәдени орталығының жетекшісі, Уәлиханов ауданы:

-Мерейтой аясында маған осындай құрмет көрсетілгеніне алғысымды айтамын. Бұл менің ғана емес, ұжыммен атқарылған жемісті еңбектің нәтижесі деп білемін. Біздің орталықта адамдар соншалықты көп емес. Десе де орталық мүшелері айтылған тапсырманы тиянақты орындайды. Мұндай марапат одан әрі сапалы жұмыс істеуге ынталандыра түседі.

Осы күні аудан тұрғындарын айтулы мерекемен меймандар да құттықтады. Қонақтардың санатында шығармашылық ұжымдар, облыстық 7 бірдей этномәдени орталық пен үкіметтік емес ұйым өкілдері бар. Кездесу “Бейбітшілік және келісім” жол картасы шарасы аясында ұйымдастырылды.

Рашид Надиров, СҚО бойынша күрдтер этномәдени орталығының төрағасы:

-Әр ұлт үлкен отбасыдай еліміздегі татулықты ту етсе, елде тыныштық болады. Сәйкесінше тұрақты ел алған бағытынан ешқашан жаңылмай, озық мемлекеттердің санатына енеді.

Уәлиханов ауданында мекен еткен әр этнос бұл жердегі көрмеде сәндік-қолданбалы қолөнер туындылары мен ұлттық тағамдарын жұртшылық назарына ұсынды. Палау, бешбармақ, бауырсақтың иісі барлық көшелерге тарап кетті. Әр ұйым өз халқының әнін орындап, келушілерді жаюлы тұрған бай дастарханға шақырып, тәтті-дәмдісінен ауыз тигізді.

Ал мынау – ингуш халқының дастарханы. Мұнда ірімшік қосылған “чепалгаш” күлше наны, ет пен орамжапырақ араласқан “жижиг – галныш” тағамын ұсынған. Бұл тіл үйірер астың бәрін Саци Ажигова өз қолымен дайындапты. Қазақ елін 2-ші Отаны санайтын келіншек сан ұлысқа құтты мекен бола білген жерде отбасымен 33-ші жыл тұрып келеді.

Саци Ажигова, Уәлиханов ауданының тұрғыны:

 

-Бауырмал қазақ халқының арасында өмір сүріп жатқаныма қуанамын. Бұл елдің адамдары жақсы, мейірімді. Сондықтан, Кавказға кетуге асықпаймын.

Ұлттық тағамнан бөлек бұл жерде құрылған қазақтың киіз үйін, орыстың избасын, жапонның күркесін көруге болды. Айтып кеткен жөн, Осыдан бір жыл бұрын Уәлиханов ауданында небары 3 этномәдени орталық болатын. Бүгінде бірлестіктің саны 13-ке жетті.

Ал ауылдық мәдениет үйінде “Қоғамдық келісім” мекемесінің мамандары аудандық этномәдени орталықтардың жетекшілеріне арналған оқыту семинар-тренингін өткізді. Жиында жұмысты жүйелі жүргізу туралы айтылды. Осы күні Ассамлея мүшелері әлеуметтік аз қамтылған жанұяларды назарсыз қалдырмай, “Мектепке жол” республикалық акциясы аясында 10 балаға оқу құралдары бар қолдорбаны үлестірді.

Берик Касен