Ауыл шаруашылығы

СҚО ауылшаруашылығы тауар өндірушілері мемлекетік бағдарламаларға белсенді қатысуда

Мысалы, осы күні “Агробизнес -2020” бағдарламасының қаржылық сауықтыру бағыты бойынша “ҚазАгроМаркетинг” АҚ-ының жергілікті филиалына 17 ауылшаруашылығы тауар өндірушіден өтініш түскен. Жобалардың жалпы құны 28 млрд теңгені құрайды. Бүгінде оның 15-і мақұлданды.

Қанат Бейсенов, “ҚазАгроМаркетинг” АҚ СҚОФ директоры:

-Егер ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің проблемалық несиесі болса, біз оларға көмек береміз. Бұрынғы кредиттері бойынша жылдық пайыздық сыйақы мөлшерлемесін төмендетеміз. Мысал, сіз бұрын басқа банктен жылдық 12 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен несие рәсімдесеңіз, мемлекет оның 7 пайызын өз мойнына алады. Қалған 5 пайызды өзіңіз төлейсіз. Осылайша, қайта қаржыландырудың арқасында несиені арзандатуға болады. Оған қоса қаржылық сауықтыру бағдарламасында несиені өтеудің мерзімін ұзарту, айыппұлдар мен өсімпұлды алып тастау қарастырылған. 2015 жылдың 1-ші жартыжылдығында аталмыш жеңілдікке 15 шаруа ие болды. Көмектің жалпы сомасы 27 млрд теңгені құрайды.

Сүтті және етті бағыттағы ірі қараның басын көбейту, сүт-тауарлық фермаларды құру және оны кеңейту, мал фермаларын техникалық жарақтандыру. Міне, осы бағыттар бойынша агроөнеркәсіп кешен субъектілеріне шығындардың орнын толтыру үшін жыл басынан бері “Қазагромаркетинг” АҚ желісі бойынша 36 млн 531 мың теңге субсидия төленген.

Қанат Бейсенов, “ҚазАгроМаркетинг” АҚ СҚОФ директоры:

-Жыл басынан “Қазагромаркетинг” АҚ-ның жергілікті филиалымен “Агробизнес -2020” бағдарламасы шеңберінде ауылшаруашылық өндірісінің басымдыққа ие бағыттары бойынша 31 өтініш қаралды. Нәтижесінде 120 млн теңге несиелік-лизингтік шарттар бойынша сыйақы мөлшерлемесін жабуға жұмсалды.

Бұдан бөлек “Агробизнес-2020” бағдарламасы аясында ел қазынасынан бөлінген 200 млн теңге күзде өңір аудандарында іске қосылатын 4 астық қабылдау кәсіпорнына бағытталуы мүмкін.

 

Берик Касен