Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде еуро отындардың алғашқы партиясы жасалды

Сермұхамет Оралұлы – «Ахмутдинов» ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

-Осы шығып жатқан өніміміз 8-12 мыңның арасында болады. Қайда жеткізіледі дегенге келер болсақ? Біріншіден, Қызылжар ауданын қамтамасыз етеміз. Тағы бір жақсы жаңалық – бүгін біз Алматы облысынан 60 тоннаға тапсырыс алып отырмыз.

Кәсіпорындағы осымен 5-ші цех Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы аясында бір ай бұрын ашылған болатын. Ал бүгін ол толық қуатта жұмыс істеуге кірісті.

Болат Жұмабеков – Қызылжар ауданының әкімі:

-Елбасы тапсырмасы бойынша іске қосылған өндіріс. Елімізде бірінші рет ашылып отырған осындай зауыт. Барлығыңызды құттықтаймын.

Цехта Ресейдің қондырғылары орнатылған. Көрші елден келген мамандар қазір кәсіпорын жұмысшыларын құрылғыда жұмыс істеуге үйретуде. 10 жылдан астам уақыт бойы дәл осы салада еңбектеніп жүрген ресейліктер үшін бұл – елімізбен жүзеге асырып отырған осындай алғашқы әріптестік қарым-қатынас. Келешекте оны дамыта түсу ниетте.

Геннадий Четверов – «Alb group» ЖШҚ атқарушы директоры, РФ:

-Ресейде пеллеттер шығаратын 150-ге тарта өндіріс орнында біздің қондырғылар орнатылған. Ал Қазақстанда осы кәсіпорын алғашқы болып отыр. Қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Өйткені, сіздердің елдеріңізде бұл істің тиімді екендігін байқап отырмыз.

Жалпы жоба құны 40 млн теңгені құрайды. Мұндағылар күніне 7 тонна өнім шығаруды көздеп отыр. Бүгіндері мұнда тағы 10-нан астам ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылған.

 

 

Магжан Ахмадина