Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавл халықаралық әуежайында жөндеу жұмыстары басталды

Талай жыл жөндеу көрмеген ұшу жолағында қазір тиісті шаруалар басталып кеткен. Елордалық «К-Дорстрой» АҚ мамандары жұмысқа шілде айының аяғында кірісіпті. Олар мұндағы асфальт қабатын алып, ұшақ жолын кеңейтіп жатыр. Жалпы ұшып-қону жолағының ені 18, ұзындығы 300 метрге дейін ұзартылып, халықаралық стандарттарға сай болмақ.

Валерий Лазарев- «К-Дорстрой» АҚ бас директоры:

-Біз биыл ұшу жолағын кеңейту, ұзарту және қатайту жұмыстарын жүргізбекпіз. Осы жылы 4 млрд теңге игеру керекпіз. Яғни, жолды реттеу шаруалары ғана жүргізіледі. Қазіргі жолды қалыпқа келтіреміз. Асфальт бетонмен оны тегістеп, геосетка және полимерлі битум төсейміз. Соңғы қабаты 10 см болады.

Әуежайда қолға алынған жұмыстармен бүгін облыс әкімі Ерік Сұлтанов танысты. Қазіргі таңда ұшу жолағынан бөлек, әуежайдың ғимараты да жөндеуді ауадай қажет етеді. Бұл шаруалар да биыл басталады деді өңір басшысы.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:

-Әуежай ендігі жылы тамыз айында толығымен дайын болады. Бір жыл ішінде межеленген жұмыстарды аяқтауға тиіспіз. Жолаушылар терминалын да қалыпқа келтіру жоспарланған. Қыркүйек айында тендер ойналады. Содан кейін бірден жөндеу басталады.

Жалпы әуежайды жөндеуге мемлекет қазынасынан 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлініпті. Оның 2 млрд теңгеден астамы келер жылы игерілмек. Айта кету керек, қалыпқа келтіру шараларынан соң ұшу бағыттары мен рейстер саны артпақ.

Бейбіт Исманов- СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

-Жұмыстар біткеннен кейін рейстерді көбейтеміз. Шымкент, Қызылорда, Батыс және Шығыс Қазақстанға шығамыз.

Ал ұшу жолағындағы жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың қазан айында аяқталмақ. Сол кезде осыған дейін қатынаған бағыттар бойынша жолаушылар тасымалы жанданбақ.

 

 

Магжан Ахмадина