Балалар

СҚО даун синдромымен ауыратын балаларға алғашқы рет қоғамдық қор ашылды

Анастасия Швец – «Солнечный дом» қоғамдық қорының директоры:

-Бұл қорды біз бір жылдай жоспарладық. Бүгін ресми түрде ашылды. Әзірге, қор үйірмелер өткізумен айналысады. Яғни, бұл балаларға театр, хореография және түрлі заттарды қолдан жасау шығармашылық үйірмелерін ашуды жоспарлап отырмыз. Және көрме ұйымдастырып, қаламыздағы басқа ұжымдар секілді оларды да сахнаға шығарғымыз келеді. Әзірге, қор 28 баланың ата-анасымен араласады. Қалғандарын да тауып, ортамызға қоссақ дейміз.

Бірінші күннен бастап қор өкілдері балалар мен олардың ата-аналарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Тәтті-дәмдіден ұсынып, концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Ән айтылып, би де биленді.

Осы қордың көмегімен енді даун синдромымен ауыратын кішкентай солтүстікқазақстандықтар әр түрлі үйірмелерге қатысып, өнерлерін сахнада көрсете алады. Бұл жаңалық ата-аналарды қатты қуантса керек.

Юлия Диденко – ата-ана:

-Осындай ұйымның ашылғанына қуаныштымын. Балаларымызды үйірмелерге апарып отыруға болады. Менің қызым сахнада өнер көрсеткенді ұнатады. Әсіресе, ән айтқанды. Енді, осы қордың көмегімен ол нақты сөйлеуді үйренеді. Онда балалармен мамандар айналысады.

Жалпы, СҚО бойынша бүгінде даун синдромымен ауыратын 93 бала бар.

 

 

Айгерим Ержанова