Балалар

Петропавлда «Bala turkvizyon – Қазақстан» балалар ән байқауына іріктеу өтті

Әділхан Макин – «Bala turkvizyon – Қазақстан» халықаралық балалар ән байқауының СҚО бойынша тәлімгері:

-Байқаудың басты мақсаты – халыққа жас әрі дарынды өнерпаздарды таныстырып, еліміздің кішкентай тұрғындарына арналған қазақ тіліндегі жаңа әндерді жарыққа шығару. Өңірден өнерлі балалар көптеп табылса, облыстың да беделі арта түспек.

Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығына жиналған 30-ға жуық балақай таң сәріден қызыққа батты. Жас өнерпаздар байқау күнделіктерінің түсіріліміне түсіп, сүйікті әншілеріне сәлем жолдап, олардың алдында өз өнерлерін паш етті. Қазылар алқасы мүшелерінің айтуынша осы жолы жеңімпазды анықтау қиынға түспек.

Жанна Орынбасарова – әнші:

-Менің ойымша, Солтүстік Қазақстан облысында өнерлі, ширақ мінезді балғындар жетерлік. Сондықтан, бұл іріктеуден күтетінім көп.

Сахна төріне өз өнерін ортаға салу үшін алғаш болып 8 жасар Амина Жапар шықты. Ол ағылшын тілінде жазылған танымал Boney M тобының “Sanny” әнін орындады. Жанды дауыспен шырқалған ән қазылар алқасының көңілінен шықты.

Тайынша қаласынан келген кішкентай әнші жеңіске жететініне үмітті.

Амина Жапар – байқаудың іріктеу кезеңіне қатысушы:

-Мен елге танымал болғым келеді. Сахнада ән айтқанды жақсы көремін. Ал, бұл шараға көп уақыт бойы дайындалдым. Жеңіске жетемін деген ойдамын.

«Bala turkvizyon – Қазақстан» байқауының іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша жартылай финалда өңіріміздің намысын Уәлиханов ауданы Кішкенекөл селосынан келген 11 жастағы Дина Диярат қорғайтын болады.
Енді өнерлі қызды байқаудың ұйымдастырушылары ата-анасымен бірге тамыздың 13-і Алматыдағы “Жұлдызды үй”-де күтеді. Ал, жобаның келесі іріктеу кезеңі Алматы және Астана қалаларында өтпек.


 

Сагыныш Маркашева