МТРА жаңалықтары

Көктемгі шақырылымдағы сарбаздар әскери ант қабылдады

Ернар Әмірбеков – ҚР-ы Ұлттық ұланы 6637 әскери бөлімінің аға офицері, майор:

-Еліміздің Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарынан 190 сарбаз ант қабылдағалы отыр. Осыған дейін олар жас жауынгер сынағынан өтті. Енді олар ҚР-ы Ұлттық ұланы 6637 әскери бөлімінде өздерінің азаматтық борыштарын өтейді.

Көп кешікпей салтанатты рәсім басталды. Солдаттар кезекпен ортаға шығып, отанға адал қызмет етуге серт етті.

Мерекелік шараның негізгі бөлімі аяқталысымен, кезек ант қабылдаған сарбаздарды құттықтаушыларға берілді. Отан қорғаушыларға адал қызмет етуді СҚО әкімінің орынбасары Владимир Бубенко де тіледі.

Владимир Бубенко – СҚО әкімінің орынбасары:

-СҚО әкімі Ерік Сұлтановтың атынан барлықтарыңызды ерекше мерекемен құттықтаймын. ҚР қарулы күштері еліміздегі тұрақтылық пен тыныштықты қамтамасыз етеді. Осы сәтті пайдалана отырып, жас жауынгерлерді отаншылдыққа тәрбиелеген ата-аналарға алғысымды білдірем. Сарбаздар өздерінің патриоттық борыштарын адал да абыройлы өткеретіндеріне сенімдімін.

Көктемгі әскери шақырылымда Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғандардың бірі Арысбек Байджумаев. 19 жасар ер жігіт Ақтау қаласынан келген. Тепсе темір үзетін жауынгер әскери қызметін Ұлттық ұлан сапында атқаратынына қуанышты.

Арысбек Байджумаев – ҚР-ы Ұлттық ұланы 6637 әскери бөлімінің сарбазы:

-Біздің келгенімізге 44 күн болды. Осы уақыт көзді ашып жұмғанша өтіп кетті. Ұлттық ұлан сапына түскендігіме қуаныштымын. Енді елімізде қызмет етеміз.

Тамаша сәттің куәгері болып, ұлдарының амандығын білуге алыстан ата-аналар да келіпіті. Олар отан алдында қапысыз қызмет етіп жатқан балаларының тезірек орталарына оралуын қалайды.

Гүлхайыр Мейірханов – ата-ана:

-Менің ұлым өзінің азаматтық борышын осында өтеуде. Бүгін ант қабылдады. Ол үшін қуаныштымыз. Енді өзінің міндетін абыроймен өтеп, ортамызға оралуын күтеміз.

Ант қабылдау рәсімінен кейін 6637 әскери бөлімінің басшылығы ата-аналармен әңгіме өткізді.


 

Култанов Байболат