Қоғам

Әйелдер ұйымы нәзікжандыларға гүл сыйлады

Мұндай өзгеше флешмобтың ұйымдастырушысы Любовь Белянкинаның айтуынша қатысуышлардың саны жыл сайын артып келеді.

Любовь Белянкина, ұйымдастырушы:

-Бұл шараны 3-ші жыл өткізіп отырмыз. Алдыңғы жылы 8 әйел ғана, былтыр 30-ға жуық нәзікжанды жиналған болатын. Биыл қатысушылардың саны көз қуантады. Ауа райы да керемет. Біз көше бойында гүл таратқан уақытта айналып қашатындар да кездеседі. Әйелдің әйелге гүл сыйлауы жергілікті халық үшін үйреншікті емес. Бірақ, бұл флешмоб бүгінде әлемнің 20-дан артық елінде, 200 шақты қалада жыл сайын тұрақты түрде өткізіледі.

Бүгін Орталық алаңға жиналған қыз-келіншектерге көпшіліктің назары ауды. Оның себебі шараға қатысушылардың әдемі көйлек киюінде болар. Мұндай ерекше флешмобқа кейбір нәзік жандылар балаларын да ерте келіпті.

-Бұл шараны менің анам ұйымдастырады. Сондықтан, мен әдемі көйлегімді киіп алып, жыл сайын қатысамын.

-Бізге барлығы қарайды. Себебі, біз өте әдеміміз және көппіз. Сондай-ақ, өзгелерді гүл сыйлап қуантамыз.

Көйлек пен белдемше әйелге өте жарасымды және көркін аша түседі.
Ал, қазір сұлуларымыздың дені шалбар киетіні, рас. Сондықтан, жиылғандар жол бойында қарсы кездескен әйелдер мен қыздарға гүл ұсынып қана қоймай көйлек киіп, құлпырып жүруге шақырды.

Ал, күтпеген жерден сыйлық алғандардың көңілі екі есе көтеріңкі.

Лияна Акопян:

-Қарсы келген келіншектің жай ғана гүл сыйлап жақсы тілектерін білдіруі өте керемет. Жұмыстан шаршап келе жатқанда көңілімізді бір серпілтіп тастады.

Тамара Манина:

-Маған қыздар гүл ұсынып жатыр. Қарт адамды қуантқан жастарға бақыт тілеймін. Мен мұндай әдемі гүлдерді сыйға алмағалы қашан.

Кейбір ер азаматтардың өз сұлуларына көбіне тек 8 наурызда ғана гүл сыйлайтыны белгілі. Бір қолымен бесікті тербетсе, екіншісімен әлемді тербеген жандарға гүл жиі сыйланса артықтық етпес.

 

 

Акбопе Танирберген