МТРА жаңалықтары

Петропавлда ПИК-і жоқ үйлер басқарушы компанияның қарамағына өтуі мүмкін

Александр Казанцев, көппәтерлік тұрғын үй қорын ұйымдастыру жөніндегі жұмысшы тобының төрағасы:

-Қаладағы 250 көппәтерлік тұрғын жайда пәтер иелері кооперативі немесе үйдің үлкені жоқ. Сәйкесінше, ол үйлерде баспананың күтіміне, жылыту маусымына дайындыққа ешкім жауап бермейді. Сол себепті біз ол жұмыстарды атқаратын басқарушы компанияны құру керек деген шешім шығардық. Компания жұмысшылары үйлерге уақытында ағымдағы, күрделі жөндеу өткізіп тұрады.

Басқарушы компания “Голден хаус” ЖШС-нің базасында құрылды. Бүгінде аталмыш мекемеге сантехник, электрик, қалақшы сынды кәсіби-техникалық білімі бар 35 білікті маман жұмысқа алынды.

Марина Кныш, “Голден хаус” ЖШС заңгері:

-Басқарушы компания жұмысшылары кешенді техникалық қызмет көрсете алады. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге лицензиямыз бар. Одан басқа тұрғындардың қалауы бойынша үйлердің іші-сыртына ағымдағы, күрделі жөндеу жүргіземіз. Көпқабатты баспананы қалыпқа келтірмес бұрын үйге жобалық смелатық құжат жасаймыз. Сметада атқарылар жұмыстың мазмұны мен қанша қаражаттың жұмсалатындығы анық көрсетіледі. Оған пәтер иелері келісімін берсе, жөндеуді бастаймыз. Компанияның сервистік қызметіне тұрғындардың көңілдері толады деген сенімдемін. Себебі барлық шаруаны өз ісінің мамандары атқарады.

Компания өкілдері сендіргендей, көпқабатты үйдің тұрғындары жөндеу жұмыстарына қаржыны көп төлеп шығындалмайды. Тарифте бекітілгендей бір шаршы метіріне 27 теңге жұмсалады.
Компания басшылығы 15 үйдің тұрғындарымен жиналыс өткізіп, осы жайында пәтер иелерінің жеке пікіріне құлақ асқан. Барлығы бірауыздан мекеменің болғаны дұрыс депті.

Анатолий Мишин, Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі:

-Қаламызда көппәтерлік тұрғын үй қорын ұйымдастыру жөніндегі жұмысшы тобы құрылды. Оған депутаттар, салық , жер қатынастары бөлімінің мамандары, әділет департаментінің өкілдері мүшелік етеді. Біз басқарушы компаняиның алдағы жұмысын жан-жақты зерттеп, зерделедік. Егер көпқабатты үйлердің күтіміне аталмыш компания жауапты болса, болашақта тұрғындардың қаражатын үнемдеуге болады. Мысалы, тұтынушылардан түсетін ақшаның біразы электрик, сантехниктерге төленеді. Ал жөндеу жұмыстарына аз қаражат бөлінеді. Сайып келгенде бұл тұрғындарға тиімсіз болып тұр. Одан да жөндеу жұмыстарын компанияның білікті мамандары атқарсын. Олар қызметі үшін көп ақша талап етпейді.

Баспасөз-мәжілісіне ПИК мен тұтынушылар кооперативтерінің төрағалары қатысты. Олар онсыз да жылу, су, электр үшін қарызын төлемей жүрген дебиторлардан сервистік қызмет үшін ақы алу оңайға соқпас дейді.

Ирина Яуфман, “Эврика” ТК және “Сообща” ПИК төрайымы:

-Мен басқарушы компанияның қызметкерлеріне үлкен шыдамдылық пен жұмыста табыс тілеймін. Өйткені адамдармен жұмыс істеу қиын екендігін білемін. Қалтасынан қаражат шығарғысы келмейтін тұтынушылар көп. Әр үйде проблема жетерлік. Баспаналардың біразы ескі. Орташа алғанда іргесі қаланғанына 28-30 жылдан асады. Олардың біразы жөндеуді қажет етеді. Сондықтан тұрғындарға айтарым, баспананы жақсы жағдайда ұстау үшін оған қаражатты аямау керек.

“Голден хаус” ЖШС-нің базасында құрылған басқарушы компания алдағы уақытта жалпы аумағы 100 мың шаршы метрлік немесе 30-ға жуық көпқабатты үйді өз қарамағына алмақшы.

Берик Касен