Қоғам

Өңір прокурорлары жартыжылдықты қорытындылады

Арай Әлімов – СҚО прокурорының орынбасары:

-Біздің облыста қасақана адам өлтіру жыл сайын көбейіп келеді. Осы алты айдың ішінде 17 адам әдейі өлтірілген. Мұндай жағдайлар әсіресе, облыс орталығында тіркелді. Маскүнемдік, түрлі кикілжің салдары өлімге әкеп соқтырған. Қазір осы қылмыстың алдын алу үшін 20 прокурор жұмыс істеуде.

Жиында өзіне өзі қол салу фактілері де көтерілді. Ағымдағы жылдың алты айында облыста 7 адам өз еркімен өмірмен қош айтысқан. Соның екеуі Есіл ауданындағы агро-техникалық колледжінде орын алыпты.

Арай Әлімов – СҚО прокурорының орынбасары:

-Бұл елді мекендегі жағдай, тіпті қиын. Жарты жылда аталмыш білім ошағында 2 студент өз өміріне қол салды. З адам сондай шалыс қадамды жасамақ болған жерлерінен құтқарылды. Біздің мамандар оқу орнында алдын алу жұмыстарын жүргізуде.

Журналистер Петропавлда жуырда болған жаға ұстатарлық жағдай – 5 жастағы ер баланың өлімі туралы сұрақ қойды. Бала үйдің терезесінен құлап кеткен деген болжам тексеріліп жатыр. Бір анығы, қаза тапқан балақайдың дене мүшелеріне зақым келіпті.
Сонымен қатар, прокурорлар БАҚ өкілдеріне Алханашвили деген жергілікті тұрғынның қалалық сотта 3 жылға сотталғандығын мәлімдеді. Ол әлеуметтік желілер арқылы халыққа әр ұлттың намысына тиетін хабарлар таратқан деп айыпталған.


 

Култанов Байболат