МТРА жаңалықтары

Облыс орталығындағы үйлердің жылыту маусымына дайындығы

Виктория Курочкина – “Искра” ТК төрайымы:

-Әдетте, барлық элеваторлық тораптар мен жылыту жүйесін тексереміз. Қажет болса, керек жерін ауыстырамыз. Барлығы қалыпты күйде болған жағдайда жуып-шаю жұмыстарын жүргізуге келісеміз. Қазір біз жылуды қосуға толықтай дайынбыз.

Ал, Абай көшесіндегі 61-ші үйдің тұрғындары қысқа қамдануға асығар емес. Мұнда 83 пәтер бар. Құбырларды жуып-шаю үшін 40 мың теңге қажет екен. Пәтер иелері кооперативінің төрағасы Амир Вейндбер болса, тұрғындардан дайындық жұмыстарын жүргізу үшін ақша жинай алмай әлек.

Амир Вейнбендер – “Абая, 61” ПИК төрағасы:

-Біз пәтер иелері кооперативіне ай сайын бір шаршы метр үшін 15 теңгеден жинаймыз. Бірақ, бәрі бірдей төлемейді. Бар ақшаға жертөледегі тиектерді ауыстырдық. Ал, жуып-шаюға жетпеді. Биыл бұл жұмысты жүргізбейтін болдық. Негізі, үйдің жағдайы жақсы, жылыту жүйесі таза. Қыстан қиналмай өтеміз деп ойлаймын.

Құбырларды жуып-шаюға біреулердің қаражаты жоқ, ал кейбіреулер үшін ол болған күннің өзінде жетпесі анық. Набережная көшесіндегі мына үй ескі. 50-ші жылдары салынған. Өткен жылы апаттық деп танылыпты.

Зинаида Новокшонова – Набережная көшесіндегі 3-үйдің тұрғыны:

-Біз жуып-шаю жұмыстарын өткен жылы да жүргізбедік, биыл да жасамаймыз. Өйткені, бұны істейтін адам жоқ. Үйде бірде жылы, бірде суық болады. Қысы-жазы еденнің асты суға толып тұрады. Пәтер иелері кооперативін құрудың да пайдасы шамалы.

“Қыстың қамын жаз ойла” демекші, қар түсіп, аяз келгенде бармақ тістеп қалмау үшін, әрине, қазір дайындалу қажет дейді мамандар. Бірақ, байқағанымыздай оған да небір себептер кедергі туғызады. Дегенмен, тұрғындардың ұйымшылдығы мәселені шешуде маңызды рөл атқаратынын ұмытпау қажет. Жұмыла көтерген жүк жеңіл.

Дәулет Қалиасқаров- Петропавл қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

-Қалалық тұрғын үй инспекциясы баспаналардың жылыту маусымына дайындығын қадағалау бойынша тиісті іс-шараларды апта сайын ұйымдастырамыз. Үйлерді аула бойынша аралаймыз. Мамандар тұрғындарға жуып-шаю жұмыстарын жүргізудің тәртібін түсіндіріп, осы істі атқаратын ұйымдардың тізімін құнымен бірге ұсынады. Қазір қалада мұндай 8 кәсіпорын бар.

Бүгінде Петропавлда көпқабатты 1040 үйдің 200-ден астамы жылыту маусымына әзір.


 

Данаш Хамзина