Аптадағы маңызды жаңалықтар

Президенттің шағын қалаларды дамыту бағдарламасы іске асуда

Науқан Таласпаев – Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары:

-Сергеевка қаласы республикалық шағын қалаларды дамыту бағдарламасына кіріп отыр. 2016-2018 жылдарға республикалық бюджеттен үлкен сомадағы қаржы бөлінеді. Бүгінгі таңда бірінші кезеңге сәйкес, біздің аудандық әкімшіліктен мамандар қаланы дамыту жоспарын сәтті қорғап келді.

Ауданда дамыған қала құру жолында біраз істің беті қайырылыпты. Оған дәлел – жергілікті бюджеттен Сергеевка қаласының көшелерін жамауға 8 миллон теңге мәдени-әлеуметтік нысандарды қалыпқа келтіруге тағы сонша қаржы бағытталып, толығымен игерілген.

Науқан Таласпаев – Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары:

-Сергеевка қаласында көгалдандыру жұмыстары бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның барлығы да аудандық бюджет есебінен және шағын бизнес өкілдерінің өз қалауларымен жасалуда. Кәсіпкерлік пен Үкімет жұмыстарының қосылып жұмыс істеуінің арқасында үлкен жұмыстар істелуде.

Расында да, Сергеевкадағы шағын және орта бизнес субъектілері қаланы абаттандыруға қолдан келгенше үлестерін қосуда. Соның бірі “Данилушкина” жеке кәсіпкерлігі.

Елена Данилушкина – “Данилушкина” ЖК директоры, Шал ақын ауданы:

-Біз шағын дүкенімізді аша салысымен, өз қаржымызға сауда орнының айналасын қалыпқа келтірдік. Маңайға түрлі гүлдер отырғыздық. Бұл қаламызды ажарландыра түсудің бір амалы.

Бұған қоса, Сергеевка қаласының әр бұрышында 5 бірдей субұрқақтың құрылысы басталыпты. Қала әсемдігін аша түсетін ерекше композициялардың бірі бас көшеде де орнатылып жатыр.

Мұрат Усманов – Шал ақын аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің жетекшісі:

-Қазір субұрқатың құрылысына 15 адам жұмылдырылған. Қажетті материалдар жеткілікті. Жоспарланғандай, субұрқақты жақын күндері іске қосамыз.

Елді-мекендегі тағы бір өзгеріс, ол аудан орталығындағы 6 көпқабатты баспананың кәріз жүйесі жөнделіп, ауыз су тартылған. Ал жыл соңына таман аталған көпқабатты үйлер мен әлеуметтік ғимараттар орталықтандырылған жылу қазандығына қосылатын болады. Сонымен бірге, Сергеевка қаласында индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қант пен пелет өндіретін қос зауыт салынады деп күтілуде. Бұл тек ауқымды істердің бір парасы ғана дейді аудан басшылығы. Жергілікті елді-мекен тұрғындары, мұндай оң өзгерістерге риза.

Жалпы шалақындықтар болашаққа үлкен сеніммен қарайды. Оны бірлесе атқаруға қазірден білек сыбана кіріп те кеткен.

 

 

Бакыт Садуакасов