Бизнес және экономика

Еліміздің банктік омбудсмені азаматтарды қабылдады

Сондықтан еліміздің банктік омбудсмені – Ерсерік Сиырбаев барлық өңірлерді аралап, азаматтарды қабылдауда. Кезек теріскейге де жеткен. Мамандар проблемалы несиелері бар тұрғындар жағдай ушыққанда ғана шара қолдана бастайды дейді.

Жомарт Қажырақымов- «ҚР Ұлттық Банкі» СҚФ директоры:

-Халықтың қаржы институты жөніндегі сауаттылығы төмен. Бізге келгенде біз ең алдымен оны банкпен шешіп көріңіз дейміз. Кей жағдайда іс сотқа дейін жетеді. Бірақ сонда да көмек беруге тырысамыз.

Қаржылық проблемаға Екатерина Никулина да тап болған екен. Ол 2013 жылы жұбайымен бірге «Хоум кредит» банктен 400 мың теңгеден астам несие алыпты. Жарты жылдан кейін күйеуімен ажырасқанда қарыздың жартысы жолдасына өткен. Бірақ ол оны төлеуге асықпайды. Ал нәзік жандының өзі бала күтімі бойынша демалысқа шығып, қаржы көзінен айырылғанын айтады. Несие сол күйі жабылмай, керісінше үстіне қарыз қосылып жатыр. Амалы құрыған қала тұрғыны осы кездесуге келіп отыр.

Екатерина Никулина- қала тұрғыны:

-Қарыз алған банкке бірнеше рет несие шартын қарастыруды өтініп, хат жолдадым. Бірақ ол жерден еш жауап болмады. Мен өсімдерді және пайызды алып тастап, маған жаңа график құрылса екен деймін. Қазір мен жұмыс істемеймін. Тек жарты күндік жұмысқа шығып тұрамын. Онда жалақы мардымсыз. Төлейтін жағдай жоқ. Ал бұрынғы күйеуім, несие түгілі балаға алимент те төлемейді.

Ерсерік Сиырбаев- ҚР банктік омбудсмені:

-Мен сізге сотқа шағымдану керек деймін. Сот бұл мәселені бір жақты етеді. Банкпен арадағы хат алмасулардан пайда болмайды. Ал қарызыңыз үсті-үстіне өсе береді. Сондықтан сотқа жүгінсеңіз олар сізге көмектеседі.

Мұндағылар азаматшаға кеңес беріп, әрі қарай да сотқа жүгінерде заңдық көмек көрсетіледі деп сендірді. Кейін азаматтық қабылдауға Людмила Гонтарь келді. Талай мекеменің табалдырығын тоздырған тұрғын жуырда проблемалы ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасына леккен. Қуанышты солтүстікқазақстандық өзіне көмек көрсетілгеніне риза.

Людмила Гонтарь- қала тұрғыны:

-Мен 2007 жылы пәтерді кепілдікке қойып, 19 мың доллар несие алдым. Оны 2-3 жылдай уақытылы төлеп келдім. Кейін проблема болып төлей алмай, кешіктіріп жүрдім. Содан сома өсіп, мүлде қолжетімді болмай кетті. Талай жерге шағымдандым. Нәтиже енді ғана болып отыр. Мен бағдарламаға легіппін. Енді қалған қарызымды 12 жыл 3 пайыздық үстемеақымен төлейтін боламын. Өте қуаныштымын.

Жалпы бұл бағдарлама 2004-2009 жылы ипотекалық несие алған тұрғындарға бағытталған.

 

 

Магжан Ахмадина