Әр түрлі

СҚО негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бойынша республикамызда 2-ші орынға тұрақтады

Гүлзиян Ізбасова, СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

-2015 жылғы қаңтар-маусымда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 54 млрд. теңгені құрады, бұл 2014 жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 1,5 есе артық. Негізгі капиталға салынған инвестицияларды қаржландырудың 72,5 пайызы шаруашылық жүргізетін субъектілердің меншікті қаражатынан түскен. Одан кейінгі орында көлік және қоймалау, ауыл, орман және балық шаруашылығы.

Жыл басынан ауыл, орман және балық шаруашылығы қызметкерлерінің жалақылары сәл көтерілді. Өңірде әдеттегідей ең жоғары жалақыны сақтандыру қоры мен қаржы институтының мамандары алады екен.

Гүлзиян Ізбасова, СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

-Ағымдағы жылдың қаңтар – маусым айлары аралығында бір жұмысшының орташа айлық жалақысы 81 325 теңгені құрады. Бүгінде ауыл, орман және балық шаруашылығында еңбек ететіндер 65 407 теңге алатын болды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 7,9 пайызға жоғары.

Осы күні облыс аумағында ҚР-сы халқының 3,3%, яғни 571 мың адам тұрады. Соның 43,1 пайызы Петропавл, Мамлют, Булаев, Тайынша және Сергеевка қалаларында тіркелген. 1566-азамат жұмыссыз ретінде есепте тұр. Бұдан басқа өңірде тұрақсыз отбасылар көбеюде. Жыл басынан 1 100-ден аса жұп некелессе, 807 қосақ ажырасып тынды. Сондай-ақ, облысымызда бала өлімінің көрсеткіші төмендер емес. 5 айдың ішінде 3 300-ден астам сәби дүниеге келсе, керісінше, 2 800-ден артығы мерзімінен бұрын көз жұмыпты. Ал, жарты жылдың ішінде халықтың орташа жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 18 343 теңгені құрайды. Өңірде айына бір адам 11 мың теңгенің азық-түлігін тұтынады. Осы тұста бірінші кезекте халық көп тұтынатын азық-түлік пен көкөністердің бағасының көтерілгендігін айтпай кетпесе болмайды.

Гүлзиян Ізбасова, СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

-Биыл азық-түлік бағалары 2 жарым пайызға өсті. Атап айтсақ, алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдерінің бағасы 2,5 пайыз, қант, кондитер өнімдері 1 пайыз, нан-тоқаш пен жармалардың құны 0,1 пайызға көтерілді. Картоп 3,1 пайызға қымбаттады. Керісінше, жеміс, көкөніс, жұмыртқа, балық және теңіз өнімдері бағасының төмендеуі тіркелген. Сондай-ақ,бензин арзандатылды.

Статистика мамандарының айтуынша, өңірде халық көп тұтынатын өнімнен басқа азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтердің құны 0,7 мен 1,1 пайызға көтерілген.

 

Берик Касен