Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қазақстан БСҰ мүше болды

Федор Дмитриев- «Мұнаймаш» АҚ бас инженері:

 

-Қазақстандық кәсіпорындар енді жаңа технологияларды игеріп, инвесторлар санын арттыра алады. Жасаған өнімдерді саудалау үшін де жақсы жағдайлар қарастырылған. Бүкіләлемдік сауда ұйымына кірудің арқасында тауарымыз экспортқа шығарылып, бәсекеге қабілетті болмақ. Айта кету керек, бұл ретте алғашқы қадамдар жасалды. Біз қазір Ресейге құрылғылар жеткіземіз. Бұл бағытта жұмыс істеуді әрі қарай да дамыта түсуді көздеп отырмыз.

Бүгіндері Қазақстанның бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше елдермен тауар айналымы-90 пайызды құрап отыр. Алда көрсеткішті арттыра түсу көзделген.

Галина Дворцова- СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

-Бұл ең алдымен экспортқа шыққан кәсіпорындарға тиімді болмақ. Әсіресе, ұйымға мүше елдерге өнімді жеткізу кезінде көліктік тарифтер жеңілдетіледі. Бұдан өзге де артықшылықтары жетерлік.

Ұйымға кірудің арқасында Қазақстан шетелдік инвесторларға 10 сала бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Ол телекомуникация, сақтандыру, туризм, сауда және банктік бағыттар. Инвесторлар үшін елімізге келіп бизнес жасауға арналған мүмкіншіліктер толығымен тек 5 жылдан кейін ашылмақ. Бұл мәселені қазақстандық тарап бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше елдермен өткен келіссөздер барысында шешті.

Галина Дворцова- СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

-2017 жылдың 1 қаңтарына дейін еркін экономикалық аймақ және еркін қоймалар аясында қосымша құн салығын төлеу кезінде кедендік бажды өтеуде жеңілдіктер қарастырылады. Жергілікті өндірушілер мен ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтіндер үшін өту кезеңі 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін бекітілген. Сол уақыт аралығында ұлттық заңнамаға сай олар салық бойынша жеңілдіктерді пайдалана алады.

Тағы Қазақстан ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдаудан да бас тартпайтындығын жеткізді. Ол ауыл шаруашылығы өнімдердің жалпы құнының 8,5 пайызын құрамақ. Жалпы бүгіндері еліміздің аграрийлері «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша 5 пайыздық мөлшерде көмек алып келген.

 

Магжан Ахмадина