Ауыл шаруашылығы

Өңірге шегірткеден қауіп төніп тұрған жоқ

Зиянды жәндіктерден қорғану амалдарын уақытында іске асырмаса кейін онымен күресу де қиынға түседі. Бұл ретте жергілікті мамандар биыл тиісті шараларды дер кезінде қолға алдық дейді. Биыл егіс даласында зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстары екі ауданда жүргізілген. Оған республикалық бюджеттен 24 млн теңге бөлініпті.

Владимир Отрадных – ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспеция комитеті СҚО аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

-Өңдеу жұмыстары Уәлиханов және Ғ.Мүсірепов аудандарында 25 мың 908 гектар аумақта жүргізілді. Шаруаның негізгі бөлігі Уәлиханов ауданында тындырылды, ал 600 гектары Ғ.Мүсірепов ауданына тиесілі. Барлығын біз дер кезінде атқардық.

Ресейдің Челябі облысынан Қостанай өңіріне түскендей шекірткелер бізге де жетіп қала ма деген үрей туғызуы мүмкін. Бірақ, солтүстікқазақстандық мамандар оған еш себеп жоқ әрі алдағы уақытта да ешқандай қауіп төнбейді дейді. Өйткені, жағдай – бақылауда. Ал, Қостанай облысындағы шекірткелер жаулаған 1 мың гектар алқап өңделіп, бүгінде арнайы штаб құрылыпты.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта өңірде егістікті аурулардан қорғау жұмыстарын жүргізілуде.

Владимир Отрадных – ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспеция комитеті СҚО аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

-Дәнді дақылдарды аурулардан қорғау үшін республикалық бюджеттен 838 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Биыл септориоз бен өсімдіктің тат аурулары кездесуде. 480 мың гектар аумақтың бүгінде 193 мыңы өңделді.

Ал, бұдан кейін 94 мың гектардан астам жерде астықтың сұр көбелегіне қарсы жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Оған ел қазынасынан 54 млн теңге қарастырылған.

 

 

Данаш Хамзина