Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдікте өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті

Ерлан Әукенов – СҚО әкімінің орынбасары:

-Бүгін бинесмендер тарапынан келіп түскен 27 жобаны қарастырамыз. Өтінімдердің көбі – “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасының бірінші бағыты – “Жаңа бизнес бастамаларды қолдау” бойынша келіп түсті. Барлық жеке кәсіпкерлік субьектілері екінші деңгейлі банктерден алған несиелерін арзандатуды сұрап отыр.

Отырыста алғашқы болып Қызылжар ауданындағы Малое Белое селосында жұмыс жасап келе жатқан “Адель-құс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобасы қаралды. Кәсіпорын өндіріс көлемін арттыру үшін “Сбербанктен” 7 жылға 250 миллион теңге қаржы рәсімдеген. Бүгінгі жиында олар заемның пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауды сұрап отыр.

Сергей Колесников – “Адель құс” ЖШС директорының орынбасары, Қызылжар ауданы:

-Осы жобаның арқасында біздің құс фабрикасы тауық санын 400 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Оған қоса жылына шығарылатын жұмыртқа санын 2 есеге ұлғайтпақпыз. Сондай-ақ, қосымша тағы 8 жаңа жұмыс орны пайда болады. Тауарларымыз қазіргі уақытта Петропавлдан өзге, Көкшетау, Қарағанды мен Астана қалаларының сауда орындарына жөнелтілуде.

Аталған кәсіпорынның жобасымен толыққанды танысып шыққан облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов құс кешенін дамыту бойынша жоспарларын сұрап білді. Осылайша, аталған жоба бірауыздан қолдау тапты.
Келесі болып Есіл ауданындағы “Фоменко” ЖК-нің талап-тілегі қаралды. Бизнес иесі аудан орталығындағы шағын дүңгіршекте бөлшектік сауда-саттықпен айналысады екен. Енді міне, жаңадан дүкен ашуға несие рәсімдеген.

Вячеслав Дудоладов – “Қазақстан Халық Банкі” АҚ СҚОФ шағын және орта бизнес жұмысы жөніндегі орынбасары:

-Жоба құны 16 миллион теңгені құрайды. Бұл соманың 12 миллион 500 мыңы банк мақұлдаған қаражат. Ал қалған 6 миллион теңге – кәсіпкердің өз қаржысы. 9 миллион теңге жаңа дүкен салуға жұмсалса, 3 жарым миллионы қажетті қондырғылар мен витриналар сатып алуға жұмсалады.

Бұл жоба да кеңес мүшелерінің қолдауына ие болды. Жалпы, бүгінгі өңірлік үйлестіру кеңесінде кәсіпкерлерден келіп түскен 27 жоба қаралып, барлығы бірауыздан мақұлданды.

 

 

Бакыт Садуакасов