Әр түрлі

Облыста «Нитратсыз көкөністер» акциясы өтуде

Өнімнің құрамындағы нитраттың мөлшері небәрі 10-15 минуттің ішінде анықталады екен. Бұл мүмкіндікті қалт жібермеген тұрғындар зертханаға келіп, сатып алған тауарларын тексерістен өткізуде. Бірі болгар бұрышын, қауын-қарбызын тасыса, енді бірі қызанақ пен қырыққабаттарын ұсынуда.

Нина Шестополова :

-Бұндай іс-шараны жиі өткізген дұрыс. Біз тұтынатын өнімнің қауіпсіз екенін білуіміз керек. Мен бүгін қызанақ сатып алдым. Зерттеу нәтижесі оң болып шықты. Қуаныштымын. Тұрғындарға да алған өнімдерінің сынамасын тапсырып, нитрат мөлшерін анықтап алуға кеңес беремін.

Бүгін акция барысында «Океан» базарында 20-дан аса сынама алынды. Әзірге, барлығы оң нәтиже көрсетуде дейді мамандар.

Виктор Гюнтнер – Петропавл қаласы тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының бөлім басшысы:

-Біз тұтынушылар мен сатушыларға түсініктеме беріп, өнімдердің сапасын зертхана тексерістері арқылы анықтауға болатынын айтамыз. Акция аясында 237 сынама алынды. Оның екеуінде нитраттың мөлшерден тыс көп екені анықталды. Бірі – қауында болса, екіншісі шалғамнан табылды.

Егер де сатып алынған өнімде нитраттың көп екендігі анықталса, тауарды сатушыға кері қайтарып беру қажет. Өйткені, мұндай жемісті жеген адам уланып қалуы мүмкін.
Айта кету керек, көкөніс пен жеміс-жидектің сапасын мамандар тегін қарап береді. Сараптау зертханасы көшпелі болғандықтан ол облыс орталығындағы базарларда күн сайын алмасып отырады.
Нитраттың бар-жоқтығын анықтайтын мамандардың жұмысы таңғы 9-дан басталып түскі 13.00.-ге дейін жалғасады.

 

Айгерим Ержанова