Әр түрлі

“Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында 980 солтүстікқазақстандық жас маман баспаналы болды

Татьяна Теликова, Қызылжар орталық аудандық ауруханасының учаскелік медбикесі:

-Жеке үйің болғанға не жетсін. Елімізде жас мамандардың баспаналы болуына жағдай жасап,оларды ауылды жерлерде ұзақ еңбек етуге ынталандырып жатыр. Мен бұны дұрыс деп есептеймін. Себебі, осы күні қанашама дипломы бар жас қалада айына 30 мыңға пәтер жалдап, босқа тентіреп жүр. Олар ауылдарына барып, елді-мекендерін көтерсе, өздерінің де жағдайларын біршама түзеп алар еді.

“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы Татьяна Теликоваға 17 мың АҚШ долларын 15 жылға бөліп берді. Жерлесіміз сонда айына небары 16 мың теңге төлеп жатыр. Және 15 жыл көлемінде негізгі қарызға қосылатын үстемеақының сомасы да онша көп емес. Шамамен 2200 теңге шамасында.

Азамат Жанбеков, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ ауыл ипотекасы бойынша маманы:

 

-2010 жылдан осы күнге дейін “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның СҚФ-лы “Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында 980 солтүстікқазақстандық жас маманның өтінішін қанағаттандырды. Бүгінде олардың барлығы қордан жалпы сомасы 1,9 млрд. теңге несие алып, баспаналы болды. Заемның максималдық мөлшері 1 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде немесе 2 млн. 973 мың теңгені құрайды. Қарыз 15 жылға небары 0,01 пайызбен беріледі. Сондағы 15 жылдың ішінде заемшы бізге негізгі қарызға қоса 2 242 теңге үстемеақы қайтарады.

“Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша жеке баспанаға медицина саласының мамандарынан өзге, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру салаларында, агроқұрылымдарда және мәдениет үйлерінде еңбек ететін мамандар қол жеткізе алады. Несиелендірудің шарты бойынша олар елді-мекендегі қызметтерінде кемі 3 жыл еңбек етуі тиіс. Және тұрақты айлық табысы болуы қажет.

Берик Касен