Спорт

Петропавлда жазғы биатлоннан жасөспірімдер арасында ел біріншілігі басталды

Валерий Ловягин – жарыстың бас төрешісі:

 

-Қазақстан Республикасының жазғы биатлоны аясындағы алғашқы жарыстар басталды. Спортшылар осы күні спринттік бәсекеде күш сынаспақ. Былтырғы жылға қарағанда чемпионатқа қатысушылардың саны артты. Қазір еліміздің 9 аймағында аталмыш спорт түрі қолға алынды. Бұл көңіл қуантады.

Спринттік сайыста спортшылар екі топта сынға түсті. 1996-1999 жылғы қатысушылар жоғарғы топта болса, 15 жасар және олардан кішілері өзара бақ сынады. Бұл жолғы ел біріншілігіне жерлес спортшылар мықты дайындықпен келгендерін айтуда.

Данияр Боранбаев – жарысқа қатысушы:

-Біз жарысқа жақсылап әзірлендік. Құрамамен бірге екі ай оқу-жаттығу жұмыстарын жүргіздік. Онда бапкерлеріміздің тапсырмасы бойынша жүгіріп, мылтық аттық. Қарсыластарымыздың осалы жоқ. Алайда намысқа тырысып жеңіске жетеміз деген сенімдемін.

Спортшылар жарыстың ережесі бойынша ату алаңына дейін 4 км жолды жүгіріп өтулері керек. Алғашқы айналымда жерге жатып мылтық атса, келесі айналымда тік тұрып спорттық винтовканың серіппесін басады. Нысанға дейінгі ара қашықтық небәрі 50 метр болса да, биатлоншылар желдің әсерінен көздеген жерге дөп тигізе алмауда.

-Жазғы биатлонның бір ерекшелігі қатысушылар жүгіріп келіп мылтық атады. Жарыстың басты қиындығы да сонда. Құралайды көзге атқандар қоржындарына ұпай салса, нысанды көздей алмағандар айып алаңында жүгіреді.

Айып алаңы 150 метрді құрайды. Қосымша жүгіру жолағында мылтық ату кезеңінде спортшы қанша қателік жіберсе, сонша айналым жасайды. Ел біріншілігі шілденің 26 дейін жалғаспақ. Келесі кезендерде биатлоншылар командалық және аралас бәсекеде күш сынасады.

 

Култанов Байболат