Әр түрлі

Әлеуметтік көмектің пайдасы зор

Бүгінде өңірде 29 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Қазіргі таңда олардың кедергісіз жүріп-тұруы үшін қыруар шаруа жасалуда. Ең алдымен, оларды техникалық құрылғылармен, протезді-ортопедиялық қондырғы және гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету мақсатында 400 млн. теңгеден астам қаржы бөлініпті. Айта кету керек, 2014 жылдан бастап еліміздің бірқатар өңірлерінде аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған «Өрлеу» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылдың 1-ші шілдесінен бастап теріскей де тың бағдарламаны орындауға кіріскен.

Асқар Сақыпкереев- СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

-Облысымыздың 4 ауданында яғни, Жамбыл, Мамлют, Тайынша және Тимирязев аудандарында бұл жоба жүзеге асырылатын болады. Осындағы 38 отбасы бағдарлама аясында ақшалай көмек алмақ. Олар тағы екі қолға бір күрекпен қамтылатын болады.

Жыл басталғалы бері 14 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан жұмыспен қамтылыпты. Кейін төртінші билік өкілдері өз сауалдарын жолдады. Журналистерді тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көрсетілетін қолдау шаралары да қызықтырды.

Мереке Мұхамедьяров- Петропавл қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

-2011 жылдан бастап біз төлеп келе жатырмыз. Биылғы жылы ол бағдарлама бойынша 50 млн теңге қарастырылған. 2011 жылдан бері 1700 адамаға көмек көрсетілді. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады.

Мүгедектердің қоғамға араласып, мемлекеттік ғимараттарға және мәдени нысандарға емін-еркін кіруіне жағдай жасау тұрғысында жақында 2271 нысанда тексеріс жұмыстары жүргізіліпті. Бірақ, нәтиже көңіл көншітпейді. 173 ғимарат, яғни небары 7 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына толығымен сай болса, 561 ғимаратқа кембағал жандар мүлде бас сұға алмайтын көрінеді. Қалған 1500-нан астамы орташа деңгейде екен.

 

Магжан Ахмадина