МТРА жаңалықтары

Облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының қоры сирек кітаппен толықты

Ресей елінің тумасы Сергей Пресняков Қазақстанның солтүстігіне 10 жасында отбасымен бірге қоныс аударған. Жерлесіміз 5 жасынан хат танығанын айтады. Ал 1957 жылы өңірімізге арналған өзінің алғашқы еңбегін жарыққа шығарған. Кішкентайынан кітапқұмар болған азамат жанына жақын жинақтарды біртіндеп жинай бастайды. Мектеп кезінде түскі асқа берілген ақшаны үнемдеп, жиналған аз қаражатқа жаңа кітап сатып алып отырған. Кейін бұл қызығушылық өмірлік әдетке айналды. Бір ғасырға жуық өмір сүрген қария осы уақытта 10 мыңға жуық кітап оқыпты. Олардың дені мына сөрелерде жайғасқан. Ұзақ жыл бойы сақталған ақпараттық қор енді ұрпаққа аманат, – дейді Сергей Пресняков.

Сергей Пресняков – тарихшы, өлкетанушы.

-Өмірдегі менің көмекшілерім де, достарым да кітаптар болды. Өзімнің алғашқы жеке кітапханамды балалық шағым өткен қалада аштым. Ол менің арманым еді. Ал 1970 жылдарға қарай мен 10 мың кітап жинап үлгердім. Көп оқыдым, іздендім. Өзім тарихшы, өлкетанушы болғандықтан, жеке қорымдағы біраз оқулықтар осы тақырыпқа арналған. Арасында менің авторлық еңбектерім бар. Мысалы, СҚО-ның энциклопедиясын ұжымдасып, 12 жыл жаздық, зерттедік. Оған кірген 2200 мақаланың 300-і менікі.

Бүгінде қария жары Алламен бірге 3 бөлмелі пәтерде тұрады. Кең баспананың әр бұрышы рухани қазынаға толы. Жылдар бойы жиналған әдебиеттердің біразы 55 сөреге жайғасыпты. Көршілеріміз бен достарымыз үйіне жаңа жиһаз алып жатқанда, біз кітап таситынбыз,-дейді Алла Нургалиева.

Алла Нургалиева – Сергей Пресняковтың жары.

-Кітап санын біз ешқашан санамаппыз. Бүгін көріп отырғандарыңыз – бұл тек қордың төрттен бірі. Көбін таратып үлгердік. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы 1000-нан аса кітапты қабылдады. Мектептер мен гимназияларға, орыс қауымдастығына, одан қалды өзіміздің балаларымызға, немере-шөберелерімізге бердік.

Көптеген туындылармен бірге, отбасылық қорда 15 шақты сирек кітап сақталған. Соның бірі – 1919 жылы жарыққа шықққан Владимир Маяковскийдің шығармалар жинағын қария жақында облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қорына табыс етіпті. Айта кету керек, бұл азамат 1963 жылы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының ашылуына да бастамашы болыпты.

Гүлжан Әлімжанова – Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының директоры.

-Сергей Пресняков біздің досымыз, жиі шақыратын қонағымыз. Кәрілігіне қарамастан, әр іс-шараны өткізуге та салысады. Жеңістің 70 жылдығына орай ол Владимир Маяковскийдің шығармалар жинағын сыйлады. Бұл сирек, аз тиражда басылған туынды. Ол кездері Маяковский әлі аса таныла қоймаған болатын. Соған қарамастан, Сергей Пресняков оның бірнеше поэмасы мен өлеңдері жарияланған кітапты сатып алыпты. Енді біз оны сирек кітаптар қорға қосамыз.

Жалпы бұл кітапханада 215 мыңнан аса кітап бар. Оның 40-қа жуығы сирек кездесетін баспа туындылары санатына кіргізіліпті. Ең көнесі 1892 жылы жарыққа шыққан. Ол мына тұрған бірнеше томдық Эфрано мен Брагаузэнің энциклопедиялық сөздігі. Сонымен қатар, жәдігерлер ішінде қазақтың ұлттық киімдері суреттелген жинақ та бар. Ол 1958 жылы 5000 данамен шығыпты. Бастапқы құны 70 рубль болған екен.

 

 

Айгерим Ержанова.