Әр түрлі

Петропавлдағы “Ана үйінен” 11 сәбилі нәзікжанды пана тапқан

Әсел Сахауова, Петропавлдағы “Ана үйін” уақытша паналаушы.

-Мұнда балам және өзім үшін барлық жағдай жасалған. Балам өзге балаларға қарап жақсы жетіліп келеді. Мерзімінен бұрын тәй-тәй басты, тілі ерте шықты. Сәбиім 2 айдан кейін 1 жасқа толады. Аялы алақанды сезіп, аналық мейірімге қанық болып өссе деймін. Амал нешік, әкесі одан бас тартты. Бірақ, мен оған еш қапаланбаймын. Баламның балалық шағы, болашағы жарқын болу үшін барымды саламын. Ертең осы үйдің іргесінен ұзаған соң өзгелер сияқты жұмыс істеп, балама қарайтын жауапты күтіп-бағушыны жалдаймын.

Әселден өзге ана үйін 5 келіншек паналауда. Олардың сәбилері мекемедегі қызметкерлерге бауыр басып алыпты.

Шырмауықтай шырматылған дүниенің қиындығына тап болған көп нәзік жанды сәбилерін перзентханада тастап немесе балалар үйіне тапсырып жатады. Қоғамдық дертті ауыздықтау үшін 2014 жылы Қазақстанда алғаш рет “BI Group” холдингі және “Цесна банк” басшылығының бастамасымен еліміздің әр аймағында жалпы саны 23 “Ана үйі” құрылған болатын. Былтырдан бері аталмыш ұйымның көмегіне 600-ден астам қазақстандық жалғызбасты ана жүгініпті. Соның 11-і солтүстікқазақстандық нәзікжанды.

Ғалия Балтабаева, “Ана үйі” қоғамдық қорының Петропавл қаласы бойынша үйлестірушісі.

-“Ана үйі” қоғамдық қорының басты мақсаты: анасы мен әкесі барда тастанды нәрестелердің санын азайту. Мұнда әрбір ана баласына бауыр басады. Баласына кеуде бергенде аналық мейірімі оянады. Жетім үйлерге тапсырамын деген ойдан ада бола бастайды. Осы қорға қазақстанның бетке ұстар 15 бизнесмені жылда қаражат бөледі.

Бұл үйде өмірдің қиын жағдайына тап болған жалғызбасты жас аналар тұра алады. Нәрестелері 1 жарым жасқа толғанша олар орталықты тегін паналайды. Дәрігер жазып белгілеген барлық препараттар “Ана үйі” ҚҚ-нан бөлінген қаражаттың есебінен алынады. Келіншектер тек тамақтарын пісіріп, үйдің тазалығын сақтайды.

Ғалия Балтабаева, “Ана үйі” қоғамдық қорының Петропавл қаласы бойынша үйлестірушісі.

-Әр жас ананы тәрбиелейміз. Үй тірлігіне бейімдейміз. Оларға 40-нан шығару, тұсау кесу сынды салт-дәстүрлерді үйретеміз.

Мұнда үйдің тыныс-тіршілігін қадағалап, нәрестелердің денсаулығына, қауіпсіздігіне жауап беретін қызметкерлер де бар.

Раушан Алдабекова, “Ана үйі” қоғамдық қорының Петропавл қаласы бойынша медбике-әкімшісі.

-Үйге қабылдар алдында ана мен оның баласы толықтай медициналық тексерістен өтеді. Оларда үйдің өзге тұрғындарына қауіп төндіретін ешқандай жұқпалы дерттері болмауы тиіс. Жас ана наркологтан, психиатрдан және тері-венералогиялық диспансерден анықтама алып, флюрографиядан өтуі тиіс. Біздің үй 3-ші қалалық емханаға бекітілген. Ондағы учаскелік дәрігерлер, медбике мен педиатрлар бізге ұдайы келіп тұрады. Нәрестелердің денсаулықтарын қадағалайды, уақытында екпелерін қояды.

Бүгінде аналар үйінде 3 бос орын бар. Сондықтан көмекке мұқтаж жалғызбасты нәзікжандылар үшін орталықтың есігі әрдайым ашық.

 

Берик Касен.