Әр түрлі

Мемлекеттік қызмет жүйесі жетілдендірілмек

Елена Степаненко- ҚР Мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің СҚО бойынша департаменті бөлімінің басшысы.

-Мемлекеттік қызметке орналасқысы келетін үміткерлер 3 кезең бойынша іріктелініп алынады. Біріншіден, олар тестілеуден өтеді. Мұнда заңнаманы қаншалықты білетіндіктері сыналады. Екіншіден, олардың мемлекеттік қызмет құндылықтарын қаншалықты бағалайтындықтары тексеріледі. Үшіншіден, жұмысқа келушілер әңгімелесуден өтеді. Онда кандидаттардың салалық білімдері анықталады.

Алдағы уақытта мемлекеттік қызметке мансап қуып келгендерге де оңай болмақ емес. Жұмыс ең төменгі лауазымдардан басталады. Ал келесі сатыға ауысу үшін міндетті түрде жұмыс өтілі мен біліктілік талап етілмек. Бір ведомствада бос орын бола қалған жағдайда, ең алдымен олар өз ішінде конкурс өткізеді. Егер қызметке тұруға лайық азаматтар болмаса, онда өзгелер де байқауға қатыстырылады. Ең бастысы, бұдан былай еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізіледі. Мемлекеттік қызметкерлерге жалақы факторлық-баллдық көрсеткіш бойынша төленетін болады.

Елена Степаненко- ҚР Мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің СҚО бойынша департаменті бөлімінің басшысы.

-Яғни оның жауапкершілігі, дербестігі, тәжірибесі, арнайы білімі мен байланыс деңгейлері, жұмысының қиындығы, қабылдаған шешімдерінің салдары секілді 8 фактор ескеріліп, еңбекақы тағайындалады. Бұған қоса, тапқан пайдасына бонустар қосылмақ. Ол жалақы мөлшерінің 10 пайызын құрайтын болады. Сондықтан қарапайым қызметкер басшысынан артық ақша табуы ғажап емес. Ал жұмыс тиімділігі төмен тұлғалар қызметі бойынша төмендемек. Одан нәтиже шықпаса, басшысы оны жұмыстан босатуға құқылы.

Жалпы бүгіндері өңірдегі мемлекеттік қызметшілер саны 5 мыңнан асады. Мамандар жаңа жүйе қолға алынған соң, мемлекеттік мекемеде жұмыс істеу бұрынғыдан да жауапты әрі абыройлы болмақ деп болжап отыр.

 

Магжан Ахмадина.