Мәдениет

“Манас-Петропавл” қоғамдық бірлестігі қырғыз мәдениетіне арналған фестиваль ұйымдастырды

Ұлықбек Маматеменов – «Манас-Петропавл» қоғамдық бірлестігінің мүшесі.

-Осы жерде бала-шағалар оқып жатыр, жоғары білім алып жатыр. Бәріне рахмет. Қазақстан гүлдей берсін. Елдердің достығы арта берсін.

Ұлықбек Маматеменов «Манас-Петропавл» қоғамдық бірлестігінің бетке ұстар мүшесі. Ол ұйымның мерекелік іс-шараларынан шет қалмай, үнемі қатысып тұрады. Бүгінгі фестивальде де ән айтып, жиналғандарды өнерімен тәнті етті.

Ал Нұрлан Темірболат әскери азамат атану үшін бір жыл бұрын Петропавлдағы Ұлттық Ұлан әскери институтына оқуға түсіпті. Бұл жоғары білім беру мекемесінде көршілес жатқан Қырғыз елінен келген 40 шақты курсант білім алуда. Олардың басы осындай фестивальдерде қосылады екен. Қандас бауырлар жиылып,туған жерге деген сағынышыңды бір басасың,-дейді Нұрлан.

Нұрлан Темірболат – ҚР Ұлттық ұланы Әскери институтының курсанты.

-Осындай фестивальдер арқылы ата-анамызға деген сағынышымызды басамыз. Қандас бауырларымызды көріп, көңіліміз көтеріледі.

Залға жиылғандардың барлығы қырғыз ұлтының азаматтары. Олар бүгінгі фестивальде туған тілдерінде әңгіме-дүкен құрып, «Манас» жырынан үзіндіні ұйып тыңдады.

Солтүстік Қазақстанда 500-ге жуық қырғыз ұлтының өкілі тұрады. Мереке сайын олар «Манас-Петропавл» қоғамдық ұйымына жиналады екен. Мұнда олар балаларына ұлттық өнерлерін көрсетіп, тәрбиелейді. Қырғыз мәдениетін насихаттайды. Биыл бұл ұйымның басшылығы қаламыздағы №17 ұлттық-өркендеу мектебінде қырғыз сыныбын ашуды жоспарлап отыр.

 

 

Айгерим Ержанова.