Спорт

“Ақ бидай” жазғы спорт мерекесі өз мәресіне жетті

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары.

-Өңірімізде, соның ішінде ауылдық жерлерде спортпен шұғылдануға барлық мүмкіндіктер жасалған. Жыл сайын облысымыздың үздік ауыл спортшыларының басын қосатын осындай спорт мерекесін өткізу соның бір айғағы. Құрметті тайыншалықтар! “Ақ бидай – 2015” жазғы спорт ойындарының ақтық кезеңін Тайынша ауданында өткізу сіздер үшін үлкен мәртебе. “Ақ бидай – 2015” жазғы спорт ойындарын ашық деп жариялаймын.

Кейін ортаға он тоғызыншы жазғы спорт ойындарының алауы шығарылды. Оны жағу құрметі панкратионнан спорт шебері Тамерлан Темірлановқа берілді. Бұдан соң «Ақ бидай-2015-тің» жалауын халық алдында пауэрлифтингтан халықаралық спорт шебері Алмабек Оразбаев пен полиатлоннан ҚР спорт шебері Татьяна Большинова көкке желбіретті. Орын үшін талас сенбі күні қызды. Міне, баскетбол алаңына көк ала жейдеде шал ақындық спортшылар мен қара формада спартакиада қожайындары тайыншалықтар шықты. Қос команда да осал емес, бір-біріне дес бермеуде. Бірінші орын үшін талас болғандықтан, екеуі де сақтықпен ойнауда. Алайда шал ақындықтар қаншама басымдық көрсеткенімен, алаң қожайындары есе жібермей, қарсыластарын тізе бүктіріп, жарыс жеңімпазы атанды.

Валерий Бахура – баскетболдан Тайынша ауданы құрамасының капитаны, Тайынша ауданы.

-Қарсылас құрама мықты дайындықпен келген. Дегенмен біз тактиканы бапкер нұсқағандай қылып құрдық. Алғашқы үш кезеңде есе жібердік. Соңғы төртіншіде жиналып, жеңіске жеттік.

Волейбол алаңында да қыздар арасында қызықты, әрі тартысты кездесу өтуде. Ақтық сында алтынды жамбылдықтар және есілдік спортшылар сарапқа салуда. Әзірге басымдық қызыл жейдедегі Есіл ауданының волейболшыларында. Десе де, қарсылас құрама да есе жіберер емес. Олар алғашқы партияда жеңіліс тапса да, қалған екеуінде естерін жиып, кездесуді 2-1 қылып өз пайдаларына аяқтады.

Евгения Будниченко – волейболдан Жамбыл ауданы құрамасының капитаны, Жамбыл ауданы.

-Алғашқы партияда біз 25-те 23 есебімен ұтылып қалдық. Ауа райы да бүлініп, жел біраз кедергі келтірді. Текхникалық қателіктерге де бой алдырдық. Бірақ, бар күшімізді салып қалған партияларда жеңіске жеттік.

Дәл осы кезде желмен жарысқан жеңіл атлетші нәзік жандылардың да бәсекесі басталды. Ұзындыққа жүгіріп секіруден спортшы қыздар алдарына жан салмай, табандарын барынша алысқа тіреуге тырысуда. Мінекей жарыс фавориті қызылжарлық спортшы Анастасия Эйникис өзінің әрекеттерін көруде. Нәзік жандының бұл сайыста бағы мен бабы қатар шауып 4 метр 90 см-ге секіріп, үздік атанды.

Анастасия Эйникис – “Ақ бидай-2015” жазғы спорт ойындарының жеңімпазы, Қызылжар ауданы.

-Ұзындыққа секіруден бәсекелестік туғызатын қарсыластар көп болды. Бірақ бар күшімді салып, табанымды алысқа тіреуге тырыстым. Ол қолымнан келді. Жеңіске жеткенім үшін бапкерім Олег Кондратьевқа алғысымды білдіремін.

Бұл Уәлиханов пен Тимирязев ауданы аяқ доп шеберлерінің кездесуі. Спартакиада қожайындары футболдан барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, ең көп ұпай жинағандықтан, алтыннан алқа тағынды. Ал алаңда мықтыны анықтап жатқан қос командада күміс жүлдеге ілігуге мүмкіндік бар. Сол себепті спортшылар маңдай терлерін төгіп, қарсылас қақпаларына гол соғуға әлек. Алайда ақ жейде киген тимирязевтық футболшылар қателікке бой алдырып, өз қақпаларына доп дарытып алды. Сөйтіп ойынның соңына дейін уәлихановтықтар ойын тізгінін өз қолдарында ұстап, қарсыластарына жауапсыз төрт гол соқты. Қорытынды есеп 4-0 болып, жасыл жейдедегі футболшылар күміс жүлдені қанжығаларына байлады.

Сүлеймен Орал – жарысқа қатысушы, Уәлиханов ауданы.

-Кездесу оңай болған жоқ. Тимирязев ауданының спортшылары мықты қарсыластық туғызды. Бірақ жолдары болмады.

Сөйтіп барлық жарыстар аяқталып, облыстық сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Сонымен “Ақ бидай-2015” жазғы спорт ойындарының мерекесінде жалпы командалық есепте 235 ұпай жинап, үздік үштікті тұйықтаған М.Жұмабаев ауданының командасы диплом, кубок және де 200 мың теңге соммасындағы сертификатқа ие болды. Күміс жүлде мен 300 мың теңгені 318 ұпай жинаған мүсіреповтіктер еншіледі. Ал 341 ұпаймен Тайынша ауданының құрамасы сайыстың жеңімпазы атанды. Спортшыларға СҚО әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова диплом, кубок және де 500 мың теңге ақшалай сыйақыны табыстады.

Юрий Виговский – Тайынша аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекшісі.

-Жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымын. Бұл – спортшыларымыздың ерен еңбеетерінің арқасы. Жалпы спартакиадаға дайындықты үш ай бұрын бастағанбыз. Стадионымызды жаңғыртып, жеңіл атлетика жолағы мен волейбол алаңын төседік. Ол жаттығуға үлкен сеп болды.

Сонымен қатар, шара барысында осындай жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Тайынша ауданына облыс әкімінің атынан “Газель” көлігі табысталды. Ал спартакиаданың салтанатты жабылу рәсімінде он тоғызыншы ойындардың жалауы Жамбыл ауданына берілді.

 

 

Риат Шони.