Спорт

Петропавлда автокросстан ҚР ашық біріншілігі өтті

Николай Тришкин – автошабандоз, Түмен қаласы.

-Біздің спортта барлығы көлікке байланысты десе де болады. Сайыста сағатына 150-170 шақырыммен жүреміз. Егер де машинадан бір ақау табылса жарысқа қатыспайсың. Сондықтан көлікті жақсылап тексеру керек. Біріншіліктен жақсы нәтиже күтем. Қарсыластарымның барлығы мықты. Алайда намысты қолдан бермей, үздік атанатындығыма сенімдімін.

Міне, 20 автошабандоз сайысқа қатысуға дайын. Олар екі дивизионда сыңға түспек.

Владимир Жуковен – СҚО автомотоспорт федерациясының вице-президенті, жарысты ұйымдастырушы.

-Биыл чемпионатты екі дивизионда өткізуді жөн көрдік. 11 көлік Д1 дивизионда, Д2 1600 дивизионында 9 теміртұлпар өзара күш сынасуға бел буды. Олар 1150 метрден тұратын 8 айналымды бағындырулары тиіс. Жарысқа Ресей мен Қазастаннан тағы да спортшылар қатысу керек еді, түрлі себептермен келе алмады. Бүгінгі біріншілігіміз әділ және тартысты өтеді деп ойлаймын.

Д2 1600 бөлімінің автошабандоздары жарыстың шымылдығын ашты. Толассыз жауған жаңбыр көлік жүргізушілеріне біраз кедергі келтірді. Соған қарамастан, спортшылар бар өнерлерін ортаға салды. Бұл бәсекеде негізгі тартыс жерлес спортшылар – Дмитрий Шарапбаев пен Леонид Антоненко арасында өтті. Алғашқы айналымдарда Дмитрий қарсыластарынан оқ бойы озып шықты. Алайда, кезекті бұрылыстардың бірінде Леонид ұрымтал тұсты дәл тауып, бәсекелесінің алдын орады. Кейбір спортшылар болса, мәре сызығына жетпей жарыстың орта жолында қалды.

Сонымен, Д2 бөлімінде 24 нөмірдегі Леонид Антоненко бірінші, Дмитрий Шарапбаев екінші атанды. Ал, үздік үштікті астаналық автошабандоз Денис Федулов түйіндеді.

Михайл Загореднев – автошабандоз, Көкшетау қаласы.

-Мен мәреге дейін жете алмадым. Көлігім алғашқы айналымда ақ сыр берді. Оған жолдың нашарлығы себеп болды. Кейбір жерлерде тіпті жүру мүмкін емес. Жаңбыр жоспарларымды еш кетірді. Бірақ, жарыстың ұйымдастырылуы жақсы. Барлығы көңілімнен шығуда.

Осы күні мотоциклды тізгіндеген жандардың ұйымдастыруымен мотокросс сайысы өтті. Оған жерлес әуесқой спортшылар қатысып, жарыстың сәнін келтірді.

Бұл күні жарысты тамашалауға жиналған халықтың қарасы қалың. Олар автоспортшылар арасындағы бәсекеден мол әсер алғандаықтарын айтады.

-Жарыс өте тамаша өтуде. Споршылардың тартысын тамашалау қызық. Осы сынды сайыстар жиі болса екен.

-Мен жерлес спортшылардың жанкүйермін. Біздің автошабандоздар жақсы өнер көрсетуде. Олардың жеңіске жеткенін қалаймын.

ҚР ашық біріншілігінде үздік атанғандар грамота, медаль, кубоктармен марапатталды.

 

 

Култанов Байболат.