Аптадағы маңызды жаңалықтар

Кәсіпкерлерге жасалған қолдаудың шарапаты

Евгений Токушев – “Радуга” ЖШС директорының орынбасары, Қызылжар ауданы.

-Біз банк қаражатына 2 желіні іске қостық. Алғашқысы, қоқыстан пакет шығаратын цех болса, екіншісінде киім кептіретін құрылғы мен орындықтар дайындалады. Өндіріске қажет құралдарды тапсырыспен Ресей мен Қытай елінен алдырттық. Айына біз 3200-ден астам кептіргіш жасап шығарамыз. Қазіргі жетістігіміз мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдаудың арқасында мүмкін болды.

Жаңа цех ашылысымен, мұнда 16 жерлесіміз екі қолға бір күрек тапқан. Серік Мәулетбаевтың аталмыш мекемеде еңбектеніп жүргеніне 2 жылдай болыпты. Өз ісінің хас шебері жақында жаңа цехке ауысып, киімдерді жаюға арналған қондырғыларды құрастыра бастаған.

Серік Мәулетбаев – “Радуга” ЖШС жинақтаушы-ұстасы, Қызылжар ауданы.

-Бұл учаскеде біз киім кептіргішті құрастырып, жинақтаймыз. Кейін өнімнің қаңқасын әрлеу мен қаптау бөліміне жібереміз.

“Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының шарапатын көрген тағы бір кәсіпорын – Якорь селосындағы “Атай-СК” құс фабрикасы. Зауыт осы жылдың мамырында аталмыш бағдарламаның қатысушысы атанған. Олар құсқа арналған жем-азық алып, айналымдағы өндіріс көлемін арттыруға 1 млрд теңгелік несие рәсімдепті. Қомақты қаржыға жаңа цехтар мен тауықты күтіп-баптауға қажетті құрал-жабдықтар да сатып алыпты. Бүгінде жергілікті жерде шығарылатын өнім еліміздің барлық қалаларына жөнелтіледі.

Әсет Ерсайынов – “Атай СК” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы.

-Бүгінде қаржыны жоспарлы түрде игеріп жатырмыз. Өнім өткізу жөнінен мәселе жоқ. Былтырдан бастап облыс орталығында әр сенбі сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкеге қатысып келеміз. Кәсіпорынның жұмыртқалары солтүстікқазақстандық тұрғындарға жақсы танымал, әрі сұранысқа ие десем де болады. Бағасы да қолжетімді.

Қазіргі уақытта құс кешенінде 130 адам еңбектенуде. Жуық арада мұндағылар тағы 10 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Құс фабрикасының алға қойған жоспары айқын, ол 2020 жылға қарай жылына 160 миллон дана тауық жұмыртқасын өндіріп, саудалау.

 

Бакыт Садуакасов.