МТРА жаңалықтары

СҚО әділет департаментінің мамандары БАҚ өкілдерімен кездесті

Бүгінде борышын өтеуден жалтарып жүргендердің тізімінде 14 мыңға жуық солтүстікқазақстандық азамат бар. Соның 2 жарым мыңнан астамы қарызгерлердің қатарынан биыл қосылған.

Ирина Антощенко – Облыстық әділет департаментінің сот орындаушысы

– Сот орындаушылар алимент, несие қарыздарын, коммуналдық қызметтің ақысын, міндетті салықтар мен жол жүру ережелерін бұзғаны үшін салынған әкімшілік айыппұлдарын төлемеген адамдарға шекара асуларына жол бермейді. Яғни, мойнында борышы бар азамат туралы мәлімет бірден бірыңғай тізімге түседі. Бұл жүйе барлық шекара бекеттерінде, әуежайлар мен вокзалдарда орнатылған.

Соңғы үш күннің ішінде жол жүру билетін сатып алған 8 солтүстікқазақстандық демалысқа аттанбақ болған екен. Бірақ, “Бүркіт” жүйесінің тізімінде тұрғандықтан, олардың барлығы кері қайтуға мәжбүр болды дейді мамандар.

Ирина Мусина – Облыстық ІІД көші-қон полиция басқармасының ерекше тапсырма бойынша аға инспекторы

– Еліміздің шекарасынан қазақстандық емес азаматтардың да шыға алмай жатқандары бар. Осындай бір жағдай М.Жұмабаев ауданында тіркелді. Жанат есімді ер адам бүгінде біздің жерде заңсыз жүр. Оған кәмелет жасқа толмаған баласына алимент төлемегені үшін 2012 жылы шекара асуға шектеу қойылған.
Заң бойынша бұл азамат ҚР-нда жұмысқа тұра алмайды, ал қаражаты болмағандықтан, сәйкесінше қарызын өтеуге мүмкіншілігі жоқ. Бұндай жағдайдың бір ғана шешімі бар, ол ажырасқан әйелімен белгілі бір келісімге келуі керек.

Жаз басталғалы бұл ақпараттық жүйеге дамыл жоқ. Өйткені, осы кезде көбі шетелге демалуға шығады.
Мамандар сапар алдында келеңсіз жағдайға тап болмас үшін Әділет министрлігінің adilet.gov.kz сайтына кіріп, қарыздың бар-жоқтығын анықтап алған жөн дейді.

 

 

Айгерим Ержанова.