Энергетика

Петропавлдағы № 2 жылу электр орталығында жабдықтар жаңартылуда

Өткен жылы кәсіпорын жөндеу жұмыстарына 615 млн. теңге бағыттапты. Орталық директоры Виктор Бармин БАҚ өкілдеріне былтыр тамыз айында іске қосылған 8-ші қазандықтың жұмысын көрсетті. Аталмыш қондырғының қуаттылығы 20 пайызға ұлғайып, былтыр соның арқасында 3000 тоннаға жуық көмір үнемделіпті.

Виктор Бармин, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ 2-ші ЖЭО директоры

– № 2-ші жылу электр орталығында барлығы 12 қазандық бар. Жылыту маусымы уақытында оның 11-ін іске қосамыз. Алдыңғы жылдары оның 3-еуін жаңасына алмастырсақ, биыл 4-шісін жаңартудамыз. Әрбірі сағатына 270 тонна бу өндіре алады. Қондырғы 25-тен 50 жылға дейін шыдас береді. Осылайша, қазіргі 345 мегаватт қуаттылықты 2016 жылға қарай 500 мегаваттқа дейін арттыру мүмкіндігі бар.

Қазір станциядағы 12-ші жылу қазандығының қаңқасы құрастырылуда. Ол келесі жылы іске қосылысымен сағатына 270 тонна бу өндіретін болады. Сондай-ақ, энергетиктер 2017 жылы 5-ші турбинаны іске қоспақшы. Ол бұрынғысына қарағанда 2 есе артық электр қуатын береді. Яғни, ескісі сағатына 50 мегаватт өндірсе, жаңасы 100 мегаваттық қуат береді. Осы және өзге де оң өзгерістермен СҚО бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің өкілдері баспасөз-туры барысында танысып, инвестициялық бағдарлама аясында бөлінген қаражаттың тиісті мақсатқа жұмсалып жатқанына көз жеткізді.

Арман Өтегенов, СҚО бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау СҚО бойынша департамент басшысы

– ЖЭО-да электр және жылу қуаты жыл сайын өсіп отыр. Былтыр Инвестицялық бағдарлама бойынша станция былтыр 615 млн. тг жұмсады. Ал, 5 жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында станция 5 млрд. теңгеден астам қаражатты жаратуды жоспарлап отыр.

Кәсіпорын басшылығының сөзіне сенсек, 2016 жылға қарай орталықтағы энерготиімді және заманауи қондырғылардың үлесі 35-40 пайызға дейін жетпек.

Берик Касен.