Құқық қорғау органдары

Петропавлда өз жақындарын алдаған алаяқтың ісі әшкереленді

Михаил Гусев – Петропавл қаласы сотының судьясы

– Петропавл қалалық соты Наталья Солоханы ҚР ҚК-нің 177 бабының 4-бөлімі “Б” тармағы бойынша алаяқтық, яғни бөтен мүлікті ұрлау немесе сенімге кіру арқылы бірнеше рет ірі және аса ірі мөлшердегі қаражатты иеленгені үшін кінәлі деп танылды. Осы бап бойынша Наталья Солохаға 6 жыл 8 айға мерзімге бас бостандығынан айыру, өзіне тиесілі мүлкін тәркілеу, жазасын жалпы тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеу жазасы тағайындалды.

Жалпы бүгінгі үкімді тыңдауға алаяқтан жәбір көрген жандар көптеп жиналды. Арасында Елена Щербинина да бар. Нәзік жанды қылмыскермен бұрыннан таныс екен. Наталья Солоха құрбысына “Нэнси” кафесін сатып аламын деп сылтаулатып, жәбірленушінің атына қомақты қаржыға несие рәсімдеген.

Елена Щербина – жәбірленуші

– Бірінші рет 1 млн. теңге несиені кафені сатып алуға рәсімдеді. Оны бірнеше күннің ішінде толығымен қайтарды. Кейін нысанның ішіне жиһаздар сатып алу үшін тағы көмек сұрады. Онда 3 млн. теңге қажет болды. Бірнеше күннен кейін тағы 500 мың теңге сұрады. Менің қолымда 340 мың болды. Соны бергем. Оған қоса жолдасым мен әпкемнен қарызға ақша алыпты. Енді міне санымызды соғып қалдық. Несиемді ешкім төлеп жатқан жоқ. Уақыты өтуде.

Тағы бір жәбірленуші – “Сокол” сауда үйінің жетекшісі Алла Сокол болса, соттың шығарған үкімімен келіспеуде. Нәзік жандының айтуы бойынша оның қарамағында қызмет еткен кассир сауда орнына тиесілі қомақты қаражатты алып, Наталья Солохаға берген. Осылайша сот Алла Соколдың жұмысшысын үш жылға темір тордың ар жағына жіберіп, бүкіл ақшаны сол қайтарады деген үкім шығарыпты.

Алла Сокол – жәбірленуші

–  Кассир әйел біздің мекемеде 30 жылдан астам уақыт бойы қызмет еткен. Бірақ ешқандай тәртіпті бұзған емес. Ол Наталья Солоханың уәдесіне алданып, 30 млн. теңгеден астам ақшаны бере салған. Бірақ сот Солоха қылмыс орнында болмағандықтан, оның іске қатысы жоқ деп тауып, бар айыпты кассирге тақты. Енді ол байғұс 3 жылға абақтыға қамалды. Оның 80 жасар анасы мен бір ұлы бар. Барлығынан айырылды. Біз сот үкімімен келіспейміз. Өйткені ол алаяқтың арбауына түсті.

Айта кету қажет, Наталья Солоха тұрмыс құрмаған. Бірақ үш баласы бар. Бүгінгі таңда азаматшаның тұрақты жұмыс орны мен мекен жайы жоқ екен.

 

 

Риат Шони.