Бизнес және экономика

Мұнай сақтау орындарындағы өрт қауіпсіздігі басты назарда

Асқар Махмет, СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы

– Кәсіпкерлер палатасы” бизнес пен мемлекеттің арасындағы көпір сияқты. Мұнай сақтау орындары мемлекеттік маңызға ие. Сол себепті бүгінгі тақырыбымыз мұнай сақтаумен айналысатын кәсіпкерлер үшін үлкен маңызға ие. Олар бүгін өздерінің сұрақтарына жауап алып, қауіпсіздік шараларымен таныса алды.

Ағымдағы жылы тиісті заңнамаға енгізілген бірқатар өзгертулерге сәйкес, жеке кәсіпкерлік нысандары өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша жиірек тексерілмек. Яғни бұдан былай, мұнай қоймаларындағы “өртке қарсы құрылғылардың дайындығы” жыл сайын қадағаланады.

Жазира Қожахметова, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бас маманы

– Біздің облысымызда мұнай базасын өрт шалу оқиғасы тіркелген жоқ. Десе де, сақтансаң, сақтайды дегендей қауіпсіздік шараларын сақтанған жөн.

Сондай-ақ, жиында жақында Киев мұнай базасында орын алған ірі жарылыстан үзінді көрсетілді. Украина еліндегі бұл жағдай жұмысшылардың жауапсыздығынан орын алған. Сол себепті де өңіріміздегі кәсіпкерлер кез-келген уақытта өрт бақылау бөлімі қызметкерлерін шақырып, өз нысандарын толыққанды тексерістен өткізе алады. Мәселен, “ҚазМұнайГазӨнімдері” ЖШС мұндай оқиғалар орын алмауы үшін, Астана қаласының өртке қарсы қызметіне жиі жүгінетін көрінеді.

Андрей Кормщиков, “ҚазМұнайГазӨнімдері” ЖШС инженері.

– ҚазМұнайГазӨнімдері” серіктестігі – өлкеміздегі ірі көлемдегі мұнай базасы саналады. Ол өрт қауіпі басым нысандар қатарында. Біз негізі Астана қаласының өртке қарсы қызметінің бақылауына алынғанбыз. Жұмысшылармен алдын-алу дәрістері жүргізіліп тұрады. Мұндай шаралар бүгінгі күні өте қажет.

Мамандар ашық әңігіме барысында тілсіз жауды құрықтаудың түрлі жолдарын түсіндіріп, “Мемлекеттік емес өрт сөндіру қызметтерінің” алдағы уақытта арнайы аттестациядан өткізілетінін айтты. Жалпы алғанда, 2015 жылдың өзінде теріскейде 55 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 15,5 пайызға артық.

 

 

Акбопе Танирберген.