Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл Петропавлда 10 негізгі көше орташа жөндеуден өтеді

Қайрола Ғалеев, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары

– Шілденің аяғына таман Жамбыл, Мир, М. Жұмабаев, Пушкин, К.Сүтішев, Потанин, Бөкетов, Брусиловский, Парк және Астана көшелері уақытша жабылады. Аталған 10 жолда орташа жөндеу жұмыстары біткенше дейін көліктердің барлығы басқа көшелермен жүретін болады. Ол үшін айналып өту схемасы құрылды. Осылайша, біз көлік ағынын барынша азайтуға тырысамыз.

Осы тұста тұрғындардың пікірін ескердік. Жүргізушілер мен қоғамдық көліктердің қызметін пайдаланушылар жолдардың уақытша жабылуы мен көлік кептелістеріне түсіністікпен қарауға тырысамыз дейді.

– Қала жыл сайын көркейіп, даму керек. Сондықтан, жолдардың жабылуына қарсылығым жоқ. Өзім көбінесе жаяу жүргенді ұнатамын. Сондықтан, көлікті уақытша пайдаланбауға да болады.

– Жолдар шынымен тозған, жөндеуді қажет етеді. Жергілікті билік бұл жұмыстарды қолға алып жатқаны жақсы болды. Өз басым уақытша ыңғайсыздықтарға түсіністікпен қарауға болады деп есептеймін.

Қаламыздың негізгі жолдарын жөндеу барысында 32 көше қиылысында бағдаршамдар орнатылады. Диодты жарығы бар құрылғының арнайы GPS бақылаушы қондырғысы бар. Ол көлік кептелісін болдырмауға септеседі екен. Мысалы, 30 машина бір жерде тұрып қалса, соның бәрі өтіп болмайынша, бағдаршамда жасыл түс жанып тұрады.

Бұдан өзге, міне, мынаған ұқсас 80 жаңа аялдама орнатылады. Оның бұрынғысынан ерекшелігі сол, қалыңдығы 10 мм-лік әйнегі оңай шағылмайтын көрінеді. Бағасы – орнату құнын қоса алғанда 800 мың теңгенің маңайында.

Қайрола Ғалеев, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары

Қала бойынша барлығы 28,7 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді.

– 51 шақырым жолдың бойына бетонды және тығыздалған бордюрлар орнатылады. 31 мың шаршы метр жерге түнде жанып тұратын жолақтар сызылып, көшелерде 80 павильон, 32 көше қиылысында бағдаршамдар орнатылмақшы. Бұның бәріне ел қазынасынан 2 млрд. тг бөлінді.

Ауқымды жөндеу жұмыстарын салқын түскенше аяқтау жоспарлапнып отыр.

 

Берик Касен.