МТРА жаңалықтары

Ағаш өңдейтін цех жұмысы алға басуда

Владимир Майоров – “Глазок” ЖК ағаш кесушісі, Қызылжар ауданы

– Осында еңбек етіп жүргеніме 5 жылдай болып қалды. Бастапқы кезде ағаш кесушінің көмекшісі болып қызмет жасадым. Кейіннен біртіндеп, осы істі мықтап қолға алып, тәжірибе жинақтадым. Күніне станокпен 13-15 текше куб ағаш өңдеймін.

Кәсіпорынның цехы бірнеше учаскеге бөлінген. Әр бөлімдегі жұмысшылардың өзіне жүктелген міндеті бар. Бір бетте үй құрылысына қажетті материалдар дайындалса, ал келесі жағында шаруашылыққа керекті айыр, күректің саптары жасалады. Мұнда ағаш қалдықтары да іске жаратылады. Олар ұсақ етіп үгітіліп, бөлек сатылуда. Кәсіпкердің цехынан шығатын қырлы бөрене, жіңішкелеп тілінген тақтайларға қашан да сұраныс жоғары.

Валерий Глазок – “Глазок” ЖК директоры, Қызылжар ауданы

– Негізінен, келісімшарт бойынша жұмыс жасаймыз. Ағаш өңдеу цехында 3 станогымыз бар. Қарамағымда 25 жұмысшы еңбек етеді. Жылына 10-15 мың текше метр ағаш өнімдерін шығарамыз. Тұрғындарға қысқы отын ретінде 5 мың текше метр ағаш дайындалады.

Биыл бизнес иесі жеке тұрғын үй құрылысына қажетті 200 мың текше метр ағаш өнімін саудалапты. Бұл шамамен 60 млн.теңгелік табыс.

Валерий Глазок – “Глазок” ЖК директоры, Қызылжар ауданы

– Соңғы екі жылда жеке қаражатымның есебінен жаңа камаз бен трактор сатып алдым. Кәсіпорын қарамағындағы қызметкерлердің еңбекақыларын уақытында төлем тұрамын. Жұмысшылардың барлығы да ауыл азаматтары.

Қазірде бұл кәсіпкерлік жұмысшылары маңайдағы ауылдардың тұрғындарын қысқы отынмен де қамтамасыз етіп жатыр. Цехтағы станоктарда жонылып, өңделетін қайың ағашы мына аумақта кесіледі. Кейін ағаштар өлшемге сай кесіліп, шикізат камазға тиеліп цехқа жеткізіледі.

Александр Шелелов – “Глазок” ЖК ағаш кесушісі, Қызылжар ауданы

– Қазір арамен ағаш құлатып жатырмыз. 3-4 күн ішінде осы учаскедегі қайыңдарды аралап бітіреміз.

Бір айта кетерлігі, “Глазок” жеке кәсіпкерлігі жылына қанша ағаш кессе, сондай көлемдегі жас көшеттер отырғызады.

Бакыт Садуакасов.