МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандықтар Қадір түнін қарсы алды

Шернияздан Башеев

– Қадір түні мешітке келіп ниет етіп жатырмыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Абдулла Мухаммад

– Мен биыл ауыз бекітіп, ораза ұстадым. Қадір түнін жылда мешітке келіп қарсы аламын.

Айлардың сұлтаны – Рамазан айы, күндердің қадірлісі – жұма болса, түндердің қасиеттісі – Қадір түні болып есептеледі. Алла тағала осы түнді берекелі етіп, Құран түсіріп, басқа түндерден ерекше еткен. Аталмыш түннің сауабы мың айға тең деседі. Дәл осы түні жер бетіне періштелер түсіп, шын ниетпен тілек тілегендерді Алланың шапағатына бөлейді. Қадір түнін қарсы алуға келген жерлес жамағатты «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы құттықтады.

– Қадір түнін қарсы алуға келген ағайын! Ниеттеріңіз қабыл болсын. Аман есен келесі Рамазан айындағы қасиетті түнге жетуге Алла нәсіп етсін.

Осыдан кейін мұсылман дініне сенуші жерлестеріміз тарауық намазына жығылды. Ниет еткен қауымның арасында Түркия мемлекетінен келген Кемал Гүл қари да бар. Қадірлі қонақ намаз аяқталысымен жамағатқа арнап құран сүрелерін оқыды.

Айта кеткен жөн, осынау түні Рамазан айы бойы мешітке келіп тарауық намазын оқыған және құран кітабын жатқа білетін қарилар алғыс хаттармен марапатталды.

Сапура қажы Әміреқызы

 

– Қадір түні марапатқа ие болып жатырмын. Қасиетті түн барша мұсылманға қабыл болсын.

Аллаға құлшылық жасап, қадір түнін көз ілмей қарсы алған халық таңсәріде таң намазына қатысып, сәресін ішіп тарасты.

Байболат Култанов.