Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыста шөп шабу науқаны қызып тұр

Пішен шабу науқанына серіктестіктегілер маусымның 25-інде кіріскен. Тек, шілдеде апталап жауған жауын-шашын істі біраз бөгепті. Десе де, шаруашылықтағылар бүгінге дейін 300 тонна мал азығын әзірлеген.

Алексей Левин – “Белое-Агро” ЖШС шаруашылық басқарушысы, Мамлют ауданы

– Қазір біз серіктестікке тиесілі көпжылдық шөптерді орып, жинап жатырмыз. Ал тамыз айында малға қажетті жем-азықты дайындайтын боламыз. Бұл шаруаны атқаратын техникамыз жеткілікті.

Шөп шабуға серіктестіктің 10-нан аса трактор жұмылдырылған. Далаға су жаңа техника да шығарылыпты. Сондай қондырғының бірін ауыл тұрғыны Дәулет Ысқақов басқарып жүр. Оның тракторына жалғанған мына құрылғы шаруаны тез атқаруға септесуде. Заманауи техника шөпті жинап, қалыпқа келтіреді.

Дәулет Ысқақов – “Белое-Агро” ЖШС механизаторы, Мамлют ауданы

– Серіктестікте еңбек етіп жүргеніме 3 жылдан асты. Өздеріңіз көріп тұрғандай, тракторларымыз жаңа. Таңның атысынан кеш батқанға дейін еңбектенеміз.

Бұйыртса, агроқұрылымдағылар шөп шабу науқанын 2 аптаның ішінде тәмамдамақ ниетте. Кейін, өзге мал азығын жинауға білек сыбана кіріседі. Бұл әрине, егін егумен қатар мал күтуді қолға алған серіктестік үшін қажет-ақ. Мысалға, мына алқапта жайлып жүрген ангус тұқымды ірі қараны қожалықтағылар осыдан 3 жыл бұрын сатып алыпты. Қазірде етті бағыттағы тұяқтылардың саны 600-ге жеткен. Оларды күтіп баптауға арналған мал қоралары да бар. Жалпы Мамлют ауданы бойынша биыл 30 мың тонна мал азығы дайындалыпты. Бұл жоспарланған жұмыстың 80 пайызы.

Василий Лисичкин – Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі жетекшісінің орынбасары

– Қысқы мал азығын жинауға аудан бойынша 36 бригада жұмылдырылған. Осы жылы шөп шабу сәл кеш басталды. Оған ауа райы біраз кедергі келтіргені рас. Бүгінде аудандағы барлық серіктестіктер мен шаруа қожалықтары пішен шабуды ойдағыдай атқаруда.

Жалпы Мамлют ауданында 56 ЖШС пен 193 ірілі-ұсақты шаруа қожалығы жұмыс істеуде.

 

 

Бакыт Садуакасов.