Мәдениет

12 шілде – Петропавлға 263 жыл толды

Бұл күні Петропавлдың орталық алаңында әуелеген ән айтылып, күмбірлеген күй шертілді. Қала күнін атап өтуге еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін келіпті. Мерекелік шара қаламыздың өнер ұжымдары дайындаған театрландырылған қойылымнан басталды.

Жұртшылықтың алдында өнер көрсеткен әртістер қаламыздың құрылу тарихын баян етті. Сол кездегі сауда саттық, мәдениет, көрші елдермен тығыз қарым қатынас барлығы осы маңда сомдалды. Теріскей топырағында туылған бірқатар ақын-жазушылардың өмірбаяндары да назардан тыс қалған жоқ. Қайраткерлерді сомдаған өнерпаздар олардың қаламызбен қандай тығыз қарым-қатынаста болғандығын анық көрсетті. Театрландырылған қойылым аяқталысымен мерекелік шараның ресми бөлімі басталып, жиналғандарды қала әкімі Марат Тасмағанбетов құттықтады.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі

– Құрметті, Петропавлдықтар, қала қонақтары сіздерді қаламыздың туылған күнімен құттықтаймын! Қаламыз әрқашан өсіп, өркендеп көркейен берсін.

Бұдан кейін, мерекеге орай, бір топ азамат қаламыздың дамуы мен асқақтауына қосқан сүбелі үлесі үшін СҚО әкімінің құрмет грамоталары және қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Қала күні марапатқа ие болғандардың қатарында Киров атындағы зауыттың механигі Жанарбек Ақпаев та бар. Он жылдан бері аталмыш кәсіпорында қызмет етіп келе жатқан ел ағасы, жетістігіне дән риза.

Жанарбек Ақпаев – “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ бас механигі

– Мерекеге орай марапатталғаныма өте қуаныштымын. Қала күні құтты болсын! Мерекелеріңізбен!

Осы күні туған шахарымыздың туған күніне орай жарияланған байқаудың жеңімпаздары да құрметке бөленді. Олардың бірі қала туралы бейнеролик түсірсе, енді бірі спорттық жарыстарды ұйымдастыруға белсенді үлес қосқан. Қала әкімдігінің ұсынысымен өткізілген байқауда 7 үміткер түрлі номинацияда үздік атанды. Жеңімпаздарды петропавлдықтар әлеуметтік желілер арқылы анықтаған болатын.

Қайсар Сәрсенбаев – «Креатифті жасампаз» аталымының жеңімпазы

– Мен жоба жасау барысында жеңімпаз атандым. Менің еңбегімді бағалап, дауыс берген оқырмандарға алғысым шексіз.

Мерекені жұртшылықпен бірге тойлауға келген халық концерттік шаралардан мол әсер алып, тамаша көніл-күйге бөленді. Олардың әрқайсысы қала күніне арнап жүрек жарды жылы лебіздерін білдіруде.

Бейбіт Мұстафина – Петропавл қаласының құрметті азаматы

– Біздің қаламыз осыдан бірнеше жыл бұрын мұндай болмаған еді. Қазір өте көркейді.

Қасым Жүнісов – ҰОС ардагері

– Мен 70 жыл осы қалада тұрамын. Осы уақыт ішінде қаланың барлық оқиғасына куәгермін.

Бақытжан Самиева – СҚО Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы

– Қаламыз өте әдемі. Оның дамып өркендеуіне баршамыз да үлесімізді қосудамыз. Барлық петропавл тұрғындарын мерекемен құттықтаймын.

Мұнымен орталық алаңдағы мерекелік бағдарлама тынған жоқ. Күннің екінші жартысы музыкалық құттықтаулармен жалғасты. Сахнада жергілікті өнерпаздар мен қонақтар өнер көрсетіп, мереке сәнін келтірді. Петропавлды туылған күнімен құттықтауға шекаралас Ресей елінің өнер ұжымдары да келген. Көршілес Омбы қаласының «Иртыш» би ансамблі, қала күніне арнап орыс ұлттық биін дайындап әкеліпті. 25 жылдық тарихы бар өнер ұжымы қаламызға осымен екіші рет келіп отыр.

Александр Дмитриев – «Иртыш» би ансамблінің директоры

– Біз, 2002 жылы Петропавлдың туған күнінде өнер көрсеткенбіз. Биыл да сіздердің қалаларыңызға келіп, құттықтауды жөн көрдік. Мереке өте тамаша өтуде. Дайындық жұмыстары жақсы жүргізілген. Құрамымызда 32 адам болса, бүгін соның 20 келіп отыр. Сіздерге арнап 5 нөмір әзірледік.

Қала күнін тойлау шаралары Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының алдында да жалғасты. Ол жерде мерекеге орый 3,6 метрлік бәліш әзірленді. «Далангер», «Рахат-лукум» ЖШС дайындаған тағамнан қала тұрғындары мен қонақтары дәм тата алды.

Ал, мына жерден көне қазақы ауылдың көрінісін байқауға болады. Киіз үй тігіліп, дастархан жайылған. Әуелеген қазақ әні де осы маңнан шырқалуда. Жас өнерпаздар ұйымдастырған концертте түрлі музыкалық аспаптар да ойналды.

Диас Борашев – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің ән-күй мұғалімі

– Қала күніне арнап әзірлеген домбыра кеші қазақы дәстүрді насихаттау мақсатында өтуде. Мен терме айтам.

Мерекелік бағдарлама облыстық тарихи-өлкетану мұражайы маңын да қамтыды. Аталмыш ғимарат алдында қол өнер шеберлері жұмыстарының көрмесі өтіп, қала тарихынан сыр шертетін 36 сурет қойылды.

Айсұлу Сәрсенова, Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері

– Мерекеге арнап ұйымдастырған көрмеде Петропавлдың құрылу тарихының үш кезеңі көрсетілген. Ең алғашқы кезеңде 1752 жылдар баяндалса, екіншісінде ХХ ғасырдың 60-70 жылдары бейнеленген. Ал, үшінші бөлім қаламыздың бүгінгі өміріне арналады. Көрермендер аса қызығушылықпен келіп тамашалауда.

Екі ғасырдан астам шежіресі бар қаламен танысу үшін көрмеге Петропавл халқы мен қонақтар көптеп жиналды. Олар тарихи суреттерді асқан қызығушылықпен тамашалады.

Култанов Байболат.