ТКШ

Петропавлда жылу құбырлары жаңартылуда

Арман Өтегенов – ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау комитетінің СҚО бойынша департаментiнің басшысы

 

– Қаладағы жылу құбырларының 70 пайызы жарамсыз. Яғни, тозып бітті. Бүгінде “Петропал Жылу Жүйелері” ЖШС бұл істі қолға алып, құбырларды жаңадан ауыстыруға кірісті. Олар жылыту маусымының дайындығына 4,9 млрд. қаражат салып отыр. Оның 213 млн. теңгесі Еуропалық Қайта құру және Даму банкінен несиеге алынған.

Ал Аяған Шәжімбаев және Алтынсарин көшелерінің қиылысындағы жөндеу жұмыстарымен көкшетаулық мердігер компания айналысуда. Жаңадан орнатылып жатқан құбырлар енді көп уақыт қызмет етпек. Олардың қолданылу мерзімі 25 жылға дейін жетеді екен. Қазіргі уақытта жұмысқа 20 маман мен 30 техника жұмылдырылған.

Биыл мамандар барлығы 11 км-ге жуық жылу магистралін салуды жоспарлап отыр. Бүгінге дейін олар соның 4 шақырымын ауыстырған.

Игорь Осняч – «Петропавл Жылу Жүйелері» ЖШС қалыпқа келтіру және жаңғырту басқармасының басшысы

– №1 жылыту магистралінің ұзындығы 2,5 км-ді құрайды. Бұл учаскеге мемлекет бюджетінен 3 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Осы учаскеде атқарылып жатқан жұмыстар қаладағы «Жас өркен» шағын ауданына жылу тартуға біраз ықпалын тигізеді. Яғни, аталмыш аудан тұрғындары жылумен толық қамтылады. Орнатылып жатқан құбырлар мықты. Металлдан жасалған өнімнің сыртын полиэтиленмен қаптаймыз. Соның арқасында жаңа құбырларға су да еш әсер ете алмайды.

Баспасөз турының соңында журналистер «Петропавл Жылу Жүйелері» ЖШС аумағына аялдады. Олар бұл жердегі атқарылып жатқан жұмыстармен де танысты. Қала бойынша жылу тарату осы жерден бастау алады екен. Сол себепті, мамандар мұндағы барлық құбырларды жаңартып, қаптауда.
Айта кету қажет, ауыстырылып жатқан құбырлардың барлығы да петропавлдық өнім.
Ауқымды жөндеу жұмыстарын энергетиктер 2016-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында да жалғастырады. Оған қарастырылған қаржы 7 миллиард теңгені құрайды.

Айгерим Ержанова.