Билік

Орталық коммуникациялар қызметінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша баспасөз брифингі өтті

Бердібек Сапарбаев – ҚР Премьер-министрінің орынбасары

 

– “Балапан” бағдарламасының арқасында мектепке дейінгі білім беру бүгінгі күні 78,6 пайызды құрап отыр. Осы жылдың соңына дейін 160 мекеме ашылады. Оның арқасында бұл көрсеткіш 81 пайызды құрайтын болады. Елбасының тапсырмасына сәйкес мектепке дейінгі білім беру мәселесі 2020-шы жылы 100 пайыз шешімін табады.

Айта кету қажет, жыл соңына дейін елімізде 126 мектеп өз есігін айқара ашпақ. Баспасөз брифингінже Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов балаларға зорлық-зомбылық көрсетуге қарсы жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен таныстырды. Айта кету қажет, соңғы кезде мұндай оқиғалар жиілеп кеткен.

Аслан Сәрінжіпов – ҚР Білім және ғылым министрі

– Бұл мәселе қазір көпшіліктің үрейін қашырып отыр. Осы ретте Президент Әкімшілігі, Бас прокуратура және Үкімет кеңес өткізіп, оның нәтижесі бойынша 2015-2017 жылдарға арналған балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен күрес жоспары әзірленді. Жаңа оқу жылында барлық мектептер психологтармен қамтылады. Мұнымен қатар, оқу жылы басталғанша біз ұстаздардың біліктілігін арттыру бойынша арнайы тренингтік бағдарламалар әзірлейміз.

Жиын соңында вице Премьер-министр Бердібек Сапарбаев Калачи және Красногорск селолары тұрғындарының ұйқы ауруына шалдығуының себебі анықталғандығын айтты. Ол жерде улы газ бен көмірсутектің үлкен концентрациясы пайда болып, оттегінің мөлшері төмендепті. Соның салдарынан «ұйқы ауруы» пайда болған екен. Қазір ол елді мекендерден барлық тұрғындар көшіріліпті. Жалпы, Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинкке 80 аймақтық БАҚ онлайн режимде қосылды.

 

Риат Шони.