МТРА жаңалықтары

100 жылдық тарихы бар ғимарат

Тарихқа сүйенсек, 1913 жылы Романовтар әулетінің 300 жылдық торқалы тойына орыс патшасы бірнеше қалада 20 оқу нысанын салуға қаржы бөледі. Бұл тапсырманың аясында 2 жыл ішінде Петропавлда мына ғимарат бой көтерді. Алғашқыда мұнда 2-ші дәрежелі мектеп және басқа да оқу орындары болды. Бірінші Дүниежүзілік соғыс уақытында әскери аурухана, ал, төңкерістен кейін кеңестік партия органдары мен кітапханалар орналасқан.

Александр Мерк – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры.

-Бұрындары бұл жер жазық дала болған.1913 жылдан мұнда құрылыс жұмыстары басталып, 1915 жылы аяқталады. Құрылыста пайдаланылған ерітінді құрамына әктас, саз балшық, жұмыртқа қосылған. Тағы бірқатар қоспалар араластырылған. Сондықтан, салынғанына көп уақыт болса да ғимарат беріктігін сақтап отыр. Биыл нысанның тұрғызылғанына 100 жыл толды. Біз үшін бұл үлкен қуаныш. 1948 жылы мұнда техникум көшіріліп әкелінді.

Құрылысы ерекше нысанның кіре берісі кең. Биіктігі 6 метрге жетеді. Аталмыш ғимараттың жобасын сол кездегі жас сәулетші, жерлесіміз Степан Гранильщиков сызған. Құрылыс жұмыстарына да Петропавл тұрғындары тартылыпты. Осылайша аз уақыт ішінде Петропавлда жаңа ғимарат бой түзейді. 1 ғасыр уақыт өтсе де, нысанның архитектурасы сол қалпы – қызыл кірпіш, ағаштан жасалған терезе жақтаулары, тарихи жазуларға дейін сақталған. 20-шы жылдардың ортасында мұнда педагогикалық техникумның оқу корпустары орналасты. Сол уақытта осы қара шаңырақта қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың әдебиет пен педагогикадан дәріс оқығандығын Александр Мерк үлкен мақтанышпен айтады.

Александр Мерк – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры.

-Біз мұнда жөндеу жұмыстарын жиі жасап тұрамыз. Бірақ барлығын бұрынғы қалпында сақтауға тырысамыз. Терезелерін ауыстырдық. Бірақ пластикалық емес, ағашын орнаттық. Кеңес үкіметі кезінде ғимарат сыртын қызыл түске бояп тастаған. Мен оның алғашқы келбетін суреттерден көрдім. Кейін өз қаражатымыздан оның сыртын қалпына келтірдік. Бұл ғимаратта кезінде жерлес ақынымыз Мағжан Жұмабаев та қызмет еткен. Менің ойымша, оның ұлылық рухы бізді қорғап, қолдап жүретін сияқты. Жастарды да алға ұмтылуға, жақсы өмір сүруге шабыттандырады.

Ал мына жерде бұрын христиандықтардың шіркеуі болған. Сәйкесінше бөлменің қабырғаларына да суреттер салынып, белгі-жазулар басылған. Ал бүгінде бұнда Қазақстан халқы достығының кабинеті жайғасыпты. Мұнда жас ұрпақ білім алып қана қоймай, рухани жағынан дамиды,-дейді колледж басшысы Александр Мерк.

Александр Мерк – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры.

-2000 жылдары мұнда жөндеу жұмыстарын ұйымдастырып, рухани келісім кабинетін аштық. Дін қызметкерлерімен ақылдасып, ішін безендірдік. Елбасымыз дінге көп көңіл бөледі ғой. Жастарға ислам мен христиан діндерінің маңыздылығын түсіндіруіміз керек. Сол себепті біз мұнда осындай бөлме құрдық. Бізде оқитын студенттердің барлығы да ғимараттың тарихымен таныс. Өйткені ол жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті оятып, барды қадірлеуге шақырады.

85 жыл тарихы бар білім ордасынан 90 мыңға жуық студент диплом алып, түлеп ұшты. Бүгінде мұнда 90 оқытушыдан 900-ге жуық студент 14 мамандық бойынша білім алады. Жас ұрпақты ізгілік жолында тәрбиелеуге мұнда баса мән беріледі.

 

 

Айгерим Ержанова.